ГлавнаяБлог

Маусым ашылды. Театр көрерменін қандай премьералар күтеді?

Қыркүйек пен қазан айларында жылдағы дәстүр бойынша театрлар жаңа маусымын бастайды. Назарларыңызға Алматы мен Нұр-Сұлтан театрларындағы премьераларды ұсынамыз.

Ғабит Мүсірепов театры

Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 76-маусымын ашты. 

«Қар қызы»

Премьера: 8, 9, 10 қыркүйек

Жазушы Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесінің желісі бойынша қойылатын спектакльді режиссер Шауған Үмбетқалиев жаңа форматта сахналайды. Жанры — драма. Премьераға келген адам режиссерлық жаңа қолтаңбаға, кейіпкер мен көрермен арасындағы байланысқа куә бола алады.

Повестің қысқаша мазмұны: ауылда мал азығы таусылып, трактормен шөп әкелуге аттанған үш жігіт 40 градус суықта діттеген жеріне жете алмай қар шағылдардың арасында адасады. Өмір мен өлім арпалысы басталып, шынайы болмыстары ашыла түседі. Үсік шалып, өлім аузында жатқанда жігіттердің бірі Нұржанды Қар қызы келіп оятады. Бұл болған оқиға, себебі Нұржан — Оралхан Бөкейдің өзі. Бір қызығы — бұл спектакль 70-жылдары Ғабит Мүсірепов театрында сахналанған.

«Махаббат, қызық мол жылдар»

Премьера: 23 қыркүйек

Спектакль Әзілхан Нұршайықовтың әйгілі романы желісінде сахналанды. Режиссер Фархад Молдағали Ербол мен Меңтай арасындағы махаббат оқиғасын түгел қам  туға тырысқан. Спектакль қазіргі заманға сай көзқараста қойылса да, кейіпкерлердің сөзі роман желісінен ауытқымайды. Режиссердың тың шешімі —  роман желісін автор сөзімен баяндау. Бірнеше актер сахнаға кезек-кезек үзінділер оқып, соңын көрініске сай әсем әнмен жалғастырады. Композитор Ербол Нариманұлының «Таңғы блюз», «Туған үй» және «Тағдыр солай» әндері шығарма желісімен керемет үйлесім тапқан.

«Қарагөз»

Премьера: 28, 29, 30 қыркүйек

Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» пьесасын режиссер Фархад Молдағали саундрама жанрында сахналайды. Режиссер жаңа көзқарас пен тың шешімдерді ұштастырып, шығармаға заманауи өнер элементтерін қосып жаңаша бейнелеген.

Сырым, Қарагөз және Наршаның махаббаты, кейіпкерлер мінезі дәстүрлі қалыптан шығып өзінше сипаттаған. Литвалық танымал театр режиссері Йонас Вайткус «Қарагөз» қойылымы туралы Фархад Молдағалидің спектакльде ұлттық дәстүрлерге сілтеме жасағанын және қателеспегенін, қойылымды түрлендіріп, осы оқиғаны басқа жанрда айтып берсе де, өте бірегей, оның үстіне жергілікті салттарға сүйенетін спектакль шығады деп баға берген.

Өтетін орны: Алматы, Абылай хан даңғылы 38

Басталуы: 18.30-да

Билет бағасы: 600-1500 тг

Касса телефоны: 271 42 37Онлайн билеттер: ticketon.kz

Бәйтен Омаров атындағы «Жас сахна» театры

«Шамхат»

«Жас сахна» театрында ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің «Қыш кітап» жыр жинағының сарынымен Санкт-Петербургтен келген режиссер Иван Стависский «Шамхат» спектаклін сахналады.

Сахнада сақтар тайпасы, сол кездегі мүмкін емес махаббат пен адалдық туралы драмалық, философиялық оқиға суреттеледі. Актерлер декорация көмегінсіз оқиғаны баяндап, көрерменді автор жасаған ерекше атмосфераға елітіп әкетеді. Іңкәр махаббат қантөгіс майданға ұласады. «Қыш кітап» шығармасындағы мәңгілік тақырып — жақсылық пен жамандықтың, ақ пен қараның, махаббат пен ғадауаттың күресі сахнаға шығады.

Өтетін орны: Алматы, Абай даңғылы 117

Премьера уақыты: 11, 16, 23 қыркүйек

Басталуы: 18.30-да

Билет бағасы: 4000-5000 тг

Касса телефоны: +7 776 711 78 78

Онлайн билеттер: ticketon.kz

Михаил Лермонтов атындағы ұлттық академиялық орыс драма театры

«Тот самый Мюнхгаузен»

Театрдың 89-маусымының ашылуында Режиссер Роман Жуков прозашы және драматург Григорий Гориннің «Тот самый Мюнхгаузен» пьесасын сахналайды.

Сократ «Әр адам күн сияқты, тек оның жарқырауына мүмкіндік беру керек» дейді. Барон Мюнхгаузеннің оқиғасы — таңдау жасау туралы оқиға. Әр адамның алдында әрдайым таңдау тұрады. Өмірге қорқу үшін келдік пе, әлде оның әрбір сәтінде қуану үшін бе? Батпаққа батып, тіршіліктің шырмауында жүреміз бе, әлде одан алып шығар батылдығымыз бар ма? Қандай жағдай болмасын адамдарға өз өмірінің жасаушысы екенін және оны ғажайыпқа толтыру өз қолдарында екенін еске салатын әр заманның өз Мюнхгаузені болуға тиіс.

Өтетін орны: Алматы, Абай даңғылы 43

Премьера уақыты: 24, 30 қыркүйек

Басталуы: 19.00-де

Билет бағасы: 3000-7000 тг

Касса телефоны: 267 31 36

Онлайн билеттер: ticketon.kz

Жастар театры

«Қиянат»

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Жастар театры 15 маусымының шымылдығын түріп, жаңа маусымда Қ.Мұраттың шытырман ойға құрылған «Қиянат» драмасының премьерасын ұсынады. Қызық сюжет, тосын шешімдерге құрылған психологиялық қойылым кейіпкерлерімен бірге көрерменін де бір сәтке бейжай қалдырмай, ар биігінде ойлануға үндейді. Қоюшы режиссері — Нұрқанат Жақыпбай. 

Адамдардың өзара қарым-қатынасы – замана құндылықтарының көрінісі. Әсіресе, ата-ана мен бала, ұстаз бен шәкірт арасындағы үндестік үлкен мәнге ие. Жас ұстаздың жұмбақ өлімі құндылықтары қақтығысқан бүгінгі қоғамның боямасыз келбеті мен ата-аналар арасындағы талай сырды сыртқа жайып салады. Сахнадағы кейіпкерлердің әрекеті көпшіліктің көкейінде жүрген көптеген өзекті мәселені алға шығарып, бүгінгі ұрпақ тәрбиесінің ұрымтал тұстарына үңілтеді. 

Өтетін орны: Нұр-Сұлтан, І.Есенберлин, 10

Премьера уақыты: 14, 15 қыркүйек

Басталуы: 19.00-де

Билет бағасы: 1200-1500 тг

Касса телефоны: 8 7172 39 26 48

Онлайн билеттер: ticketon.kz

Горький театры

«Гоголь. Петербург»

М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры 121-маусымында Николай Гогольдің «Петербург повестері» жинағының желісі бойынша жасалған сахналық фантазиясы сахналанады.  «Гоголь. Петербург» қойылымыныңда Спектакльде «Шинель», «Жындының жазбалары», «Капитан Копейкин жайлы повесть» атты үш шығарманың сюжеттері ұшырасады. Үш кейіпкердің үш түрлі өмір тарихы, қойылымның ортақ тақырыбы адамгершіліктен ада әлемдегі адам жанының бүлінуі. Гогольдің туындысын адам жанының айнасы секілді ашып көрсетуді қоюшы режиссер Рача Махатаев мақсат етеді. Спектакльде көрермен сол айнаға зер сала алады.

Өтетін орны: Нұр-Сұлтан, Омаров көшесі 47Б

Премьера уақыты: 24 қыркүйек

Басталуы: 19.00-де

Билет бағасы: 1000 теңгеден басталады

Касса телефоны: 8 (7172) 32 82 23

Онлайн билеттер: ticketon.kz