ГлавнаяБлог

11 университеттің дипломын алған Юлия Ванжулова

Бір өзі білдей 11 университетті тәмамдаған Юлия Ванжулованың оқиғасы біраз адамды шабыттандырып, білімге құштар етеді. Әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарына оқуға түсу үшін міндетті түрде лицей не гимназия түлегі болудың міндетті емесін дәлелдегенінің өзі не тұрады?! Ол аз десеңіз, былтыр жүгін жинап, Лондонға қоныс аударған. Шетелде оқығысы келетіндерге жол сілтеумен айналысатын білім беру жобасының негізін қалап, іске асырып жатыр. Бүгінде Англияда тұратын отандасымызбен тіл үйрену, шетелде оқу, халықаралық емтихандарды сәтті тапсыру және иммиграция жайлы тілдестік.

Текеліде туған талапты қыз бірнеше тілді қалай меңгерді? 

Кейіпкеріміз тұмса табиғатымен талайды тамсандырған, Алматы облысындағы шағын ғана Текелі қаласында туған. Сол жерде орта мектепті аяқтап, Қазақстан-Британ техникалық университетіне түседі. Таңдаған мамандығы да қаржы, экономика және бизнес сияқты салалардың басын біріктірген, ауқымды еді. Юлияның айтуынша, студенттер сабақты қай тілде өтетінін таңдауға ерікті болыпты. Сондықтан алғашқыда — орысша, кейіннен тіл білу деңгейін жетілдірген соң ағылшынша оқыған. Осы орайда бізге кейіпкеріміздің шет тілін меңгеру тәжірибесі қызық болды. Қызық болған соң, сұрадық.

«Үйде орысша сөйлейтінбіз. Ал қазақ тілін мектепте меңгердік. Қазақстанда туып-өскендіктен, мемлекеттік тілге деген құрметім ерекше, жақсы көремін. Әрі қосымша сабақ алғанмын. Үйреткен мұғалімім қазақ тіліне ғашық еді. Сол махаббатты менің де бойыма сіңіре алды. Қазақ тілі сабағын үздік бағаға тәмамдадым. Ал ағылшын тілін анам себепкер болып, бастауыш сыныпта оқи бастадым. Үш баланы жеткізу үшін анам барын салды. Ол кезде өсімдік майын шығаратын шағын зауытымыз болған. Есімде, қосымша сабақтарымыздың ақысын төлеуге қолма-қол ақшамыз болмаған еді. Сөйтіп, мұғаліммен келісіп, литрлеп маймен есеп айырысатынбыз. Бірде ақысын беретін күн келгенде, сұйық майды сөмкеме салып алғам. Ол жолда төгіліп, сөздік, дәптер — бәрін бүлдірген. Амалсыздан, бірнеше ай бойы май «сасып» жүруге тура келген. Десе де, тіл үйренуіме ол еш кедергі болған емес. Әрине, кей кезде махаббатым сөніп, кейде қайта құштар болып оқып жүрдім. Мектепте ағылшын тіліне қатысты жарыс біткеннің бәріне қатысатынмын» деп есіне алды Юлия.

Кейіннен Еуропада оқып жүріп неміс, чех және француз тілдерін де меңгеріп алған. Өйткені барған жердің тіліне құрмет көрсетсең, жергілікті халықтың қабылдауы да жақсы болады. Полиглот кейіпкеріміз тіл үйренудің бірнеше тәсілін іс жүзінде қолданып көрген. Соның ішінде ең тиімдісі деп үйреніп жатқан тілде сөйлейтін ортаның болуы мен білуге құштарлықты атап өтті. «Не үшін екені белгісіз, «әйтеуір, үйрену керек» деп оқығаннан гөрі қажеттіліктен туған құштарлық нәтижелірек. Мәселен, Францияда болғанда қалайда үйренуім керек болды. Соның арқасында, жақсы меңгеріп шықтым», — дейді Юлия.  

Тіл үйренушілер көбіне мектептегі ағылшын тілі сабағының сапасына сын айтып жатады. Бұл туралы кейіпкеріміздің ойын білдік.

«Мектепте мұғалім мықты болса, грамматиканы жақсы меңгеріп шығуға болады. Жеке өзімнің бұл жағынан айтар уәжім жоқ. Бірақ сөйлесуге келгенде шынында, екеуі екі әлем екен. Бакалаврда оқып жүргенде үшінші курста жазда Америкаға бардым. Былай қарасаңыз, сабақты ағылшынша өтіп жүрген адамға американдармен тілдесу сөз болып па деп ойлаймыз. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты. Басында мен — оларды, олар мені түсінбеді. Демек, мектептегі ағылшын мен өмірдегісінің айырмашылығы бар екен. Мысалы, бізге сөйлемді дұрыс құрауды үйретеді. Бірақ кейде қысқартуға, жеткізу тәсілін өзгертуге болатынын айтпайды. Сондықтан бәрін сол жақта жүріп үйренуіме тура келді. Англияға көшіп келгенде де америкалық және британиялық ағылшында айырмашылық байқалды. Бұл жерде тіл үйрететін орталық не мектепті кінәлі деуге келмейді. Бар болғаны сол тілде сөйлейтіндермен көбірек сөйлесу керек. Солай ғана бейімделуге болады деп ойлаймын».

Бір оқпен — 10 университет. Ол қалай?

Айтқандай, Ванжулова — 11 университеттің дипломын иеленген түлек. Адам айтса, сенгісіз көрінгенімен, ақиқат. Бұл туралы өз аузынан білсек. «ҚБТУ-ды аяқтаған соң, шетелде оқып, өзге елдегі оқу жүйесімен танысқым келді. Сөйтіп, жан-жақтан түрлі оқу бағдарламасын қарай бастадым. Ақылы оқуға жағдайым жетпегендіктен, бәрін қамтитын бағдарламаларды қарадым. Іздегенге — сұраған демекші, табылды. Осылайша, магистратураны Еуропалық одақ толықтай қаржыландыратын «Эразмус Мундус» бойынша оқыдым. Бұл бағдарламаның бірегейлігі сол — 10 университет бірлесіп ұйымдастырады. Сәйкесінше, сонша оқу орнының дипломын иеленіп шығу мүмкіндігі беріледі. Әлбетте, бәріне бірдей барып, оқу мүмкін емес. Өз басым, Франция, Бельгия және Чехияда оқыдым. Ал қалған елдердің университеттерінен профессорлар арнайы келіп, сабақ өтетін. Яғни серіктес оқу орындардан, атап айтқанда, Ұлыбритания, Испания, Қытай, Жаңа Зеландия, Италия, Бразилия сияқты елдерден келіп, оқытты».

Халықаралық емтихандар: сәтті тапсыру сырлары

Шетелде оқу үшін тіл білетініңізді дәлелдейтін, деңгейін анықтайтын халықаралық емтихан тапсыру керек. Юлия үш рет IELTS тапсырған. Бакалавриатта ағылшынша оқыса да, тест үшін қосымша сабақтар алып, ағылшынша сөйлейтіндермен тілдесіп деңгейін жетілдірген. Айтуынша, халықаралық емтиханнан жақсы ұпай жинау үшін тіл білу жеткіліксіз.

«Былайғы күні ағылшынды жақсы білгеніңіз тестіні сәтті тапсыратыныңызға кепілдік бола алмайды. Себебі мұнда техникалар мен формат деген бар. Оған міндетті түрде дайындық керек. Соларды білсеңіз, мәтінді түсінуге құр уақыт шығындамаймыз. Сол себепті тест тапсыру ойыңызда болса, бірден кірісіңіз. Дайындықты созып жүріп алмаңыз. Қарашада құжат тапсыру керек болса, сынақ уақытын қазанға қоймаңыз. Одан бірнеше ай бұрын тапсырыңыз. Өйткені пандемия кезінде кей емтиханды шегеруі мүмкін. Мұны ескеру керек. Одан бөлек, тиісті ұпайды жинау алмау қаупі бар. Тіпті, 0,5 балл жетпей қалса да, тағы тапсыру керек болады. Барынша ертерек қамданған дұрысырақ. Үшіншіден, қорытынды шығатын уақытты есептеу қажет. Қандай тест, қандай форматта тапсырғаныңызға байланысты нәтижесі әртүрлі мерзімде шығады. Құжат қабылдайтын дедлайнды біліп, соған байланысты жоспарлаңыз. Әр университетте ереже әртүрлі. Кейбірі емтихан нәтижесін соңынан жіберуге рұқсат береді, енді бірі бәрін бірге тапсыруды міндеттейді. Таңдаған университетіңіздің сайтына кіріп, FAQ бөлімін шолып шықсаңыз, біраз сауалға жауап аласыз. Сонымен бірге кей оқу орны тест нәтижесін емтихан алған мекеменің жіберуі керек деген талап қояды. Оны да алдын ала біліп алу қажет. Әйтпесе, құжатыңызды қабылдамай қоюы мүмкін.

Тест тапсыратыныңызды шешкен бойда қалаңыздағы емтихан қабылдайтын мекеменің сайтына кіріп, қай күндер бос екенін біліп алыңыз. Шама келсе, бірден тіркеліп алған жөн. Себебі созып жүріп алсаңыз, жеме-жемге келгенде бос орын қалмай қалуы ғажап емес. Әрі күні белгілі болса, дайындыққа да кірісу оңайырақ. Тағы бір ескеретін дүние — емтихандар құны арзан емес. Демек, қаржылық жағдайды да жоспарлау маңызды. Өзіңіз дайындаласыз ба, жоқ әлде маманнан сабақ аласыз ба — соны шешіп алыңыз.

Есіңізде болсын, халықаралық емтихан бір түнде миға құйып алатын оңай сынақ емес.

Оған күнделікті уақыт бөліп, бірнеше сағат арнау қажет. Жалпы алғанда, мейлі нешінші рет тапсырып жатсаңыз да, дайындықсыз болмайды. Кейінгі рет 2020 жылдың желтоқсанында, докторантураға түсерде тапсырдым. Еуропада толықтай ағылшынша оқып, Лондонда, ағылшындар арасында тұрып жатсам да, бір ай дайындалдым», — дейді Ванжулова.

Мектептен кейін бірден шетелге кету дұрыс па?

Қазақстанда шетелдік оқу орындарына магистратураға түсу тәжірибесі кеңірек таралған. Мектеп бітірген бойда еуропалық не америкалық университеттерге түсу қиындау.

«Мұның бір себебі — 12 жылдық оқуға байланысты. Бізде 11-сыныпты аяқтаған түлектің әлі бір жылы жетіспей қалады. Сондықтан шетелге түскісі келгендер елде бакалавриаттың бір курсын аяқтап, сосын барып тапсырады. Екі ортада бір жыл босқа кетті деуге болмайды. Себебі шет мемлекеттерде бакалавриат 3 жылға созылады. Ұлыбританияда, мәселен, foundation бар. Яғни дайындық ретінде бір жыл оқиды, елге бейімделеді. Сосын барып, бір жылдан кейін университетке түсе алады. Бұдан бөлек, жалпы мектеп бітірген жас түлектің психологиялық даярлығы маңызды. Отбасынан жырақта жүруге қаншалықты дайын? Себебі шетелге кетті деген сөз өзіне-өзі толықтай жауапты болатынын, ересек өмірге қадам басқанын білдіреді. Өз басым, мұндай тәжірибені қолдаймын. Адамның көзқарасын, дүниетанымын, түсінігін толықтай төңкереді. Яғни жеке даму тұрғысынан алып қарағанда, өзге елдің жүйесін, мәдениетін тануға неғұрлым ертерек қадам басқан жақсырақ. Бастысы, жоғарыда атап өткенімдей, баланың психологиялық дайындық деңгейі жақсы болса, болғаны».

Межеңіз шетелдік магистратура болса…

Бүгінде магистратураны шетелде оқудың жолы көп. Әйтсе де, аталған бағдарламалар туралы қазақстандықтардың қаншалықты жақсы білетінін бағамдау қиын. Бір білетінім, көпшілігі шетелде оқу десе, бірден ақысыз деп ойлайды. Ал негізі, біздегі ТОП-университеттердің кейбірінің құны әлдеқайда қымбат. Яғни шетелдің өзінен арзандау университет табуға болады. Айталық, Испанияда 1500 еуролық оқу орындары бар. Бұл жерде хабардар болу, ақпараттану маңызды. Әлбетте, магистратураға өзім тапсырған кезбен салыстырсам, бүгінде ақпарат өте көп. Кезінде мен ірі-ірі бағдарламаларды ғана білгенмін. Одан қалса, тәжірибесін бөлісетін түлектер де, ақпараттандырумен айналысатын орталықтар да болмады. Қазіргі ахуал басқаша. Арнайы қауымдастық құрылған, мазалаған сауалды емін-еркін қоюға мүмкіндік бар. Әлеуметтік желінің де күшін де атап өту керек. Біреуден біреу естіп, құлағдар болады. Соған байланысты бәсеке де жылдан жылға артып келеді.

Юлияның жобасы жайлы

«Оқуға тапсыруға ниеттілерге жол көрсетіп, жетелеумен айналысатындар бар. Өйткені өзі басынан өткерген соң қай жерде нені ескеру керегін жақсы білетіндердің кеңесі құнды болады. Солардың бірі — өзім. Менің бір жарым жыл бұрын дүниеге келген eager_to_study деп аталатын жобам бар. Магистратураны тәмамдаған соң, өзге елде оқығысы келетіндерге көмектесіп, бағыт бергім келді.

Соқырға таяқ ұстатқандай түсіндіріп, жол көрсету керегін түсіндім. Мысалы, бізде бас-аяғы 1,5 айдың ішінде университетке құжат тапсыратын болсақ, шетелде ол 1,5 жылға созылуы мүмкін.

Орталығымыз бірінші кезекте кеңес берумен айналысады, яғни оқуға тапсырғысы келген адамға бағдарламалар, олардың шарт-талаптары туралы ақпарат береміз. Одан кейін құжат тапсыруға көмектесеміз. Бір ерекшелігі, шетелдік оқу орындары ұсыныс хат пен оқуға қабылдануға неліктен  нақты сіздің лайық екеніңізді дәлелмен келтіруді талап ететін мотивациялық хат сұратады. Ал оны толтырудың, жазудың реті бар. Соны түсіндіріп, ескеру керек жайттарды айтамыз. Мәселен, бірнеше сертификатыңыз бар дейік. Ол қағаз жеткіліксіз. Комиссия сіз жайлы көбірек ақпарат білгісі келеді. Ал олардың жүрегіне жеткізіп жазудың сырлары болады. Бәсеке қызып тұрған шақта топтың ішінен суырылып шығу оңай емес. Біз осы ретте көмекке келеміз. Біреу үшін бастан-аяқ жазып бермейміз. Бірлесіп, пікірлесе отырып жазылады. Ағылшынша жазылатындықтан, үміткерлер алдымен өздері жазып әкеледі де, мен үстінен тексеріп, қосатынды қосып, қателерін жөндейміз. Әр бағдарламаға құжаттар пакеті жеке-жеке жиналады.

Яғни біреуіне жіберген хатты сол күйі басқасына жібере алмайсыз. Осы ретте бізге келген сәттен бастап, оқуға түскенге дейін жетелейміз. Әр үміткер үшін уайымдап, тілеуін тілейтініміз сонша, психологиялық қолдау жағын ұмытпаймыз. Қолынан келмей жатса, қанаттандырып, демеп жіберуге тырысамыз».

Жаңа елге қоныс аударғандарға кеңес

Қазіргі таңда Юлия — Лондон тұрғыны. Пандемия жылында басқа елге көшуге шешім қабылдау оңай емес. Десе де, кейіпкеріміздің қолынан келді. «Бірінші кезекте, өзге елге қоныс аудармас бұрын бірнеше ай тұрып көрген дұрыс. 2-3 күн қонақтап, турист ретінде бару бір бөлек. Біраз уақыт мекендеп, сол жақпен жақсырақ танысқан соң барып нақты бір байламға келген жөн деп ойлаймын. Көзді жұмып бара салғанда көп нәрсе сіз ойлағаннан басқа болып, көңіліңізді қалдыруы бек мүмкін. Ал енді нақты бекінген адамға алынбайтын қамал жоқ. Айналысатын іс те табылады, жағдайыңызды да жасайсыз. Бастысы, ішкі сенім мен саналы түрде шешім қабылдау».

Өзге елге қоныс аударудағы басты мақсат — мансап жолында жетістікке жету. Өзінің айтуынша, мектептегі оқулықтардан Англияның суретін көргеннен бері осы елде тұруды армандапты. Ақыры ойға алғанын жүзеге асырды. «Бұл жаққа келгеннен кейін Лондондағы оқу орнына докторантураға түстім. Енді сабағым басталады. Айтарым, жаңа елге табан тірегенде көп қиялдамаған дұрыс. Себебі ол іске аспай қалса, тауыңыз шағылып қалады. Көп нәрсеге шынайы әрі салқынқанды қарау керек. Өз тәжірибемнен айтсам, Англияға келерде байсалды түрде шешім қабылдап келдім. Өз мүмкіндігімді шынайы бағалап, артық бағамдамауға тырыстым.

Мәлім де беймәлім Англия

«Енді көшіп, орналасқаннан кейінгі кезең туралы қысқаша айтсам, Англия біздің оқулықтардан білетінімізден сәл басқаша болып шықты. Мәселен, Қазақстанда бір күнде не бірнеше сағатта шешілетін кей мәселе мұнда апталап созылып кетуі мүмкін. Жалпы алғанда бұл ел бюрократиялық мәселелерімен танымал. Әлі күнге дейін көп құжат поштамен жіберіледі. Халқына келсек, уақытпен жүргенді жақсы көреді. Уағдаласқан сәттен сәл кешіксеңіз, таппай қалуыңыз ғажап емес. Өйткені бұрылып, кете барады. Бізге ұқсайтын тұсы — сүт қатқан шайды ұнататыны. Осы сияқты бірер қызық фактіні атап өтуге болады. Өзімді қалжың-шыны Аралас «номад» деп атайтыным бар. Өйткені, байқасам, бірнеше жылдан бері көшіп-қонып жүр екем. Тіпті, Қазақстанның өзінде талай қоныс аударғанмын. Осы қасиетімді ескерсек, Англия соңғы тоқтайтын нүктем деп айтпас едім. Дегенмен дәл қазіргі уақытта белгілі бір елді белгілеп, көздеп жүрген жоқпын. Әзірге осы жақта тұрып, мақсаттарыма жеткім келеді», — дейді Юлия Ванжулова.