Соның ішінде кейінгі жылдары сәнге айналған криптовалюта нарығындағы терминдерге арнайы түсіндірме керек. Мысалы, қазір биткоин (BTC) және биткоин кэш (BCH) деген бар. Бір желідегі бұл екеуінің айырмашылығы неде, қайсысы тиімді, кемшілігі қандай — осыған тоқталғанды жөн көріп отырмыз.
Бір желіден бөлініп шыққан екеу
2017 жылдың 1 тамызында биткоин желісінен Bitcoin Cash/Bcash деп аталатын жаңа криптовалюта бөлініп шықты. Мұндай қадамды хардфорк, яғни алдыңғы нұсқамен мүлдем сәйкес келмейтін жаңа хаттамаға көшу дейді. Ал бұған себеп болған басты жайт — жасаушылардың бір тобы желі хаттамасын одан әрмен жақсартудың жоспарын ұсынуы. Дегенмен келесі бір топ бұған күмәнмен қарап, екі ортада бір байламға келе алмай қалады. Сөйтіп, ақырында желі екіге бөлінеді. Яғни заңды транзакцияларды заңсыз түрлерінен ажыратып, бақылауда ұстайтындар ескі бағдарлама жасақтамасын қолдана береді де, қалғандары жаңасына көшеді. Тиісінше жаңа нұсқаға көшкен соң, биткоин-әмияндарындағы сома ендігіде Bitcoin Cash деп аталатын болды.
Екіге бөлінуіне қатысты пәлсапаға толы себептер де бар деседі. Келіспеушіліктің түбінде жасаушылардың бір бөлігі (биткоин) валютаны қор ретінде жинақтайтын құрал деп көрсе, екінші бір бөлігі (Bcash) оны айырбастаудың транзакциялық құралы санап, дамытпақ болған екен. Жаңа валютаға cash, яғни «қолма-қол ақша» деген сөздің қосылуының мәні осында дейді. Желі күн өткен сайын қанатын кеңге жайып жатқандықтан, Bitcoin Cash жақтаушылары бір уақытта бірнеше транзакция өңдеуге мүмкіндік беру үшін блок көлемін көбейтуді ұйғарады.
Салыстырмалы түрде айтар болсақ, бастапқыда BCH лимиті — 8 МБ, BTC шектеуі 1 МБ болған еді. Содан 2018 жылы мамыр айында BCH блокты бірден төрт есе көбейтіп, 32 МБ етіп қояды. Ондағысы жұрт жаппай қолдана бастаған кезге алдын ала жасаған даярлық болатын. 2017 жылдың соңына қарай криптоэкожүйесіне жаңа ақша түскендіктен, биткоин алғашқы максимумы — 20 мың долларға қол жеткізеді. Ал дәл сол кездегі желінің жағдайы ондайды көтере алмауы мүмкін еді. Әрі ол қарқын алдағы уақытта тек үдей береді деген болжам жасалған. Соны алдын ала білген BCH командасы барынша көлемді, әлі өсуге жағдай жасалатын балама іздеуге кіріскен болатын.
Арадағы келіспеушіліктің келесі бір факторына тоқталсақ. Бұл жерде тораптардың жұмыс істеу механизміне де біраз нәрсе байланысты болса керек. Өйткені биткоин жақтаушылары лимитті бұрынғысынша шағын күйінде қалдырғысы келді. Яғни тораптар аз көлемдегі ресурспен жұмыс істегенін қалаған. Мұның астарында криптовалюталардың негізі саналатын орталықсыздандыру пәлсапасына адал болу принципі жатқандай көрінеді. Ал Bitcoin Cash командасы болса, айтқандай, лимитті ұлғайтуды ұсынды. Әлбетте, бұл жағдайда тораптарды іске қосу үшін бұрынғыдан да қуатты компьютерлер керек болары белгілі. Бұл болса, қаражаттың да көбірек бөлінуі мен орталықтандырылған экожүйені қажет етеді. Биткоин командасы Lightning Network сияқты екінші қабаттағы хаттамаларды кеңею үшін таптырмайтын тәсіл деп есептейді. Ал енді Bitcoin Cash жақтаушылары ірі блоктар қою арқылы түптің түбінде желіні бірнеше транзакцияны орындауға қолайлы етуге болатынына сенімді. Тіпті келешекте BCH-тің PayPal 2.0 болатынына үміттенген болатын. Осылайша бір-бірімен пікірі үйлеспейтін екі тарап ажырады.
Екеуінің айырмашылығы неде?
Көпшіліктің көкейінде жүретін сауалдың бірі — айырмашылығы турасында. Әлбетте, қайсысы тиімді екенін білуге әркімнің-ақ таласы бар. Ендеше, бізге белгілі бірнеше себепті тізбектеп көрелік. Әрине, ең алдымен валюталар бір-бірінен транзакциялар құнымен, комиссиясымен ерекшеленеді. Атап айтқанда, биткоин бір секундта әрқайсысының құны 5-50 доллар болатын 3-7 транзакцияны тексереді. Bitcoin Cash болса, құны минимал ғана, бірнеше цент болатын 100 транзакцияны жүзеге асырады. Ең үлкен ерекшелік — осы. Былай қарасаңыз, биткоинды «диджитл алтын» деуге болады әрі олар өздеріне әлдеқашан сондай баға беріп қойған. Бұған Bitcoin Cash жағындағылар қарсы шығып, сынайтыны айтпаса да, белгілі.
Сайттарына кіріп қарасаңыз, «Әлемдік қолма-қол ақша нарығы 100 трлн доллар болса, әлмдік алтын нарығы 10 трлн доллар ғана» дегендей аргумент келтіріп, өз валютасының маңызын білдіргісі келеді. Яғни алтынға қарағанда қолма-қол ақша нарығы 10 есе үлкен болғандықтан, Bitcoin Cash-тің қолданысы да сенімді әрі өсу потенциалы да жоғарырақ-мыс. Бұл енді тараптың өзі жайлы пікірі, біздікі емес. Why Bitcoin Cash сайтында «Егер жаһандық транзакциялардың бар болғаны 1%-ін BCH қамтитын болса, желіде күнделікті 82 млн транзакция жасалады» деп жазылған. Іске белсене кіріскен Bcash командасы «Әлемде жыл сайын орындалатын 3 трлн транзакцияның 75%-і қолма-қол ақшалай жүрсе, 13%-і ғана кредит немесе дебет карталарына тиесілі, ал 12%-і өзге де тәсілдермен орындалады. Демек, комиссиясы аз әрі орындау уақыты жылдам болғандықтан, жаппай қолдану үшін BCH-тен артығы жоқ» деп есептейді.
Мақтаулы Bitcoin Cash-тің кемшілігі бар ма?
Жоғарыда атап өткеніміздей, Bitcoin Cash жақтастарының өздері жайлы пікірі өте жақсы. Дегенмен биткоин экожүйесінде BCH-тен бөлек тармақтар да болды. Уақыт көрсеткендей, бөлініп шыққанның бәрінің жұлдызы жарқырап кетпейді екен. Мәселен 2017 жылдың соңында майнинг алгоритмінің өзгерістеріне негізделген Bitcoin Gold (BTG) пайда болды.
2018 жылдың соңында Bitcoin Cash блокчейнінің хардфоргы нәтижесінде блок көлемін 2 МБ-ға дейін ұстай алатын Bitcoin Satoshi Vision/Bitcoin SV (BSV) деген жаңа валюта шыққан еді. Сала сарапшыларының пікірінше, бөлініп, тармақталғанымен, олар бәрібір оригинал BTC сияқты назар аудартып, көбірек инвестиция тартуға қауқарсыз екен. Өйткені оның нарықтық капиталдандыруы 1 трлн доллардан асып жығылады. Coin Market Cap деректеріне сүйенсек, Bitcoin Gold, Bitcoin SV және Wrapped Bitcoin үшеуінің ауқымын қосқанның өзінде бар болғаны 17 млрд доллар болады деседі. Ал Bitcoin Cash капиталдандыруы 18 млрд доллардан сәл асады екен. Бұл болса, салыстырмалы түрде алып қарағанда биткоиннан 50 есе аз.
Болашаққа қандай болжам бар?
Қорыта айтқанда, BTC те, BCH те өз алдына бөлек ғұмыр кеше беруі мүмкін. Алғашқысы — алтын сияқты қор жинау мақсатында, екіншісі айырбас құралы ретінде PayPal 2.0 рөлінде қолданыла беретін сыңайлы деген болжам бар. Дегенмен мұны жүзеге асыру үшін BCH экожүйесіне әлі біраз өсу керек. Ал оған бірнеше тармаққа бөлініп кеткені кедергі болуы да мүмкін. Одан бөлек, ішкі келіспеушіліктер мен кертартпа іс-әрекеттер түпкі мақсаттың күл-талқанын шығаруы да ғажап емес. Демек, бұл ретте көп жұмыс атқарылуға тиіс деген сөз. Әрине, заман көші ілгері жылжыған сайын жаһандық криптовалюта нарығы ауқымын кеңейтіп келе жатыр. Дегенмен бұл жерде басымдық та, мықты позиция да әзірге биткоинның жағында болатын сыңайлы. Тіпті, көпшілігі BCH-тің уақытша айырбас құралы болумен шектеліп, ізашарының алдын орай алмайды деген пікірде. Себебі қалай болған күннің өзінде биткоин — әлемдегі тұңғыш әрі құнды криптовалюта.
Add comment