«Айғайқұм»
«Алтынемел» ұлттық паркінің табиғи ескерткіші «Айғайқұм» Үлкен және Кіші Қалқан тауларының қақ ортасында, жазық жер бедерінде орналасқан. Құмның жалпы аумағы – 240 гектар. Бірі биік, бірі аласа оңтүстік және солтүстік құмнан тұрады.
«Айғайқұмға» барған адам тастақ далалы жерде құмның қалай пайда болғанына таңғалады. Ғалымдар да өткен заманнан бері әнші құмның пайда болу себебін анықтау үшін қаншама зерттеулер жүргізген. Қалқан тауынан соққан желдің бағыты үнемі өзгеріп отыруынан құм түйіршіктері електеніп, төбеге айналған деген тұжырымға келді. Құм төбе ешқайда көшпейді, желмен ұшқан құмның орны сол желмен орнына қайта келеді.
Екі жақтан қатар жел соққанда құмның астыңғы бөлігі қозғалып, жерге сусып түскенде сырнайдан шыққан таза ән ырғағына ұқсас үн естуге болады. Жел екпіні күшейсе ұшақтың гүріліндей дауыс шығады. Әсіресе, түнде салқын жел соққанда естіледі. «Айғайқұмға» барып құмның үнін ести алмасаңыз, төбесіне шығып, құмға отырып төмен қарай сырғанаңыз. Сол кезде құмның асты қозғалып, гүріл естіледі. Халық арасында құмның төбесіне шыққан адам бақытты болады деген сенім бар. Табиғат құбылысын көруге, үніне құлақ түруге ерте заманнан жолаушылар келген. Бүгінде құмтөбеге турлар көптеп ұйымдастырылады. Мұндай әнші құм әлемнің алты жерінде ғана бар.
Бір аңызда құмның астында қалып қойған қара пиғылды адамның жаны қысылғанда шығатын үні десе, енді бір аңызда дуаланған сұлу қыздың дауысына телиді. Халық арасында «Қыз Мақпалдың әншi тауы» деген аңыз бар. Ертеде шал мен кемпірдің Матай деген ұлы, Мақпал деген қызы болады. Шал мен кемпірді жау ұстап әкеткен оларды босатып алмақ болып арттарынан Матай кетеді. Ал Мақпал үңгірде жаудан тығылып, күнде бір бұлақтың көзін ашады. Отбасынан айырылған соң уақыттан жаңылмауы үшін күнде тау ортасына құманмен құм тасиды. Қыз құм төбеде мұңды ән салады. Бүгінде ол ашқан бұлақтар «Мыңбұлақ» болса, әнші құм «Айғайқұм» деп аталады.
Үкаша ата құдығы
Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у.) сахабасы аталып кеткен Үкаша атаның кесенесі Түркістан қаласынан 35 шақырым жерде орналасқан. Адамдар алдымен Үкаша атаның қабірі орналасқан кесенеге бас сұғып, құран оқиды. Содан соң тау басындағы тереңдігі 22-25 метр құдықтан су алуға барады. Үкаша ата жайлы аңыз-әңгімелер көп. Ол туралы аңызда майданда жау жеңе алмаған, атса, мылтық, шапса, қылыш өтпеген дейді. Бірде дұшпандары батырдың әйелін алдап, осал тұсы — таң намазын оқыған кезде ғана қорғансыз болатынын біледі. Бір күні таң намазын оқып отырған Үкаша атаның басын қылышпен шауып алады. Періштелер сахабаның басын қыр етегіне домалатып апарады. Сол жер қақ айырылып құдық болған деседі. Ал Үкаша атаның басы құдық арқылы Мұхаммед Пайғамбарға (с.а.у.) жетіпті. Кесене басындағы шырақшылар зиярат етіп келгендерге әулиенің басы домалап түскен құдық пен оның түйесінің ізі бар тасты көрсетеді.
Бейіт басына дұға етіп, күнәларынан арылуға келгендер құдыққа кезек-кезек шелегін тастап, іші бос қайтпауын тілейді. Біреудің шелегі суға толса, ол жанды жолы болғыш, бақытты адам дейді. Біреулер қанша тырысқанмен салған шелегіне су ілінбейді. Мұның себебін кей адам құдық басындағы шелек ұстаған жанның күнә жасап-жасамағанымен жориды. Ал шырақшының сөзінше, суды адам несібесіне қарай алады. Су шықпаса, күнәһар, жаман адам дегенді білдірмейді. Зиярат етіп келгендер тылсым жағдайды көңіліне алмауы үшін шырақшылар суды адамдарға бөліп беріп, дәм татқызады.
Жылаған ата үңгірі
Жылаған ата бұлағы мен үңгірі Түркістаннан 80 шақырым жерде, Қаратау жотасының Жылаған шатқалында орналасқан. Тау жартастарының құлауынан пайда болған табиғи орын туралы халық арасында бірнеше аңыз бар. Бір аңызда бір балаға зар болған қарттар Алладан жалынып бала сұрағанда, оларға бір шартпен бала береді. Шарт – баланы тері сөмкеде 7 жыл бойы ұстау. Бұл шартқа келіскенімен, соңғы күні шыдай алмай ауыр сөмкесі иығынан сырғып жерге құлайды. Ішіндегі әлі дүниеге келмеген нәресте ұшып кетеді. Аңызда баланы үңгірге түсіп жоғалып кеткен деседі. Қатты қапа болған әкесінің көз жасынан бұлақ пайда болады. Құран сүрелерін оқығаннан кейін ғана бұлақтан сарқырама сияқты су ағады. Құрсақ көтере алмай жүрген отбасылар бұлақ басына жиі келіп, бала сұрап ниет етеді. Осыған ұқсас аңызда әйел мес (қарын) босанған соң молда шақырып, құран оқиды. Молда мұны Алланың сынағы деп, месті 41 күн көтеріп жүру керек екенін айтады. Шыдамы таусылған әйел 41-күні месті босата салады. Жерге құлап қақ жарылған местің ішінен асатаяқ ұстаған бала шығып «қырқына шыдап, қырық біріне шыдамады» деп ата-анасына ренжіп тауға қарай қашады. Ата-анасы қуса, жеткізбейді. Артына қараса, қуамын деп шаршаған ата-анасын көреді де, «шөлдеген шығар» деп аяп тасты асатаяғымен түрткенде құдық пайда болады. Ішінен су шығады. Жақындап қалған ата-анасын көріп тау басындағы үңгірге кіріп біржола жоқ болып кетеді. Баласынан көз жазып қалған ерлі-зайыпты егіліп жылап, содан бері «Жылаған ата» аталып кеткен деседі.
Бұлақ суын татқан адам қайта-қайта ішкісі келеді. Халық арасында суды қайнатып ішуге болмайды дейді. Өйткені су бірден ғайып болады екен. Зерттеушілер судың қайдан шығатынын анықтау үшін үңгірде 2 ай жатқанда, бірде-бір рет атқылап су шықпапты. Сонда ғалымдар тылсым күшке таң,алып, басын шайқаған деседі.
«Жылаған ата» бұлағы мен үңгірі «Қасиетті Қазақстан» картасына енген. Бүгінде тәу ететін орын ғана емес, сонымен қатар кез келген адам бас сұғатын туристік орынға айналды.
Қазығұрттың басындағы кеме
«Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса, неге қалған?» деген сөзді естімеген қазақ жоқ шығар. Аңыз бойынша, тау басындағы кеме Нұх пайғамбардікі. Нұх пайғамбар – Адам атаның тоғызыншы ұрпағы. Топан су басталғанда Нұх пайғамбар Қазығұртта жерленген Адам атаның сүйегін кемеге салып алған. Жер бетін алапат топан су басқан кезде жан-жануар тиелген кеменің биіктігі бар-жоғы 1 800 метрлік тау басында аман қалуы ақылға қонымсыз болуы мүмкін. Мұны ислам дінінде көкпен тілдескен таулардан гөрі, аласа болса да, қасиетті орынға тоқтаған деп топшылайды. Аңызда топан судан аман қалған жануарлар Қазығұртта өсіп-өніп, көбейіп жер бетіне тараған деседі.
Осы өңірде «кеме қалған», «Нұх пайғамбар кемесінің ізі», «Нұх пайғамбар мен оның жанындағы адамдар мекендеген үңгір», «Пайғамбардың намаз оқыған жері», «су ішкен бұлағы» деп аталатын жер-су атаулары бар.
Қазақта Қазығұрт тауы жер мен көкпен бірге жаралған деген аңыз бар. Нұх кемесі қайырылмастан бұрын да мұнда әулиелер мекендеген соң киелі тау саналған. Сәкен Сейфуллин тау басындағы үңгірді Қазығұрт атаның моласы деп жазып кеткен. Басқа жерлерді бұлт басса да, Қазығұрттың басын бұлт шалмайды екен. Тауды бұлт қаптаса, «Қазығұрт қарасын киді» деп, жұрт сыртта тұрған нәрселерін үйге тасиды.
«Ғайып Ерен Қырық Шілтен»
Түркістан облысында Леңгір қаласының маңында Адам ата мен Хауа ана жартасы аталып кеткен қасиетті орын бар. Бес метрлік жартастың пайда болуы туралы аңыз көп. Соның бірі – алыптардың Қазығұрт тауының даңқын көре алмай, тауға тас лақтыруы. Үлкен тастардың бірі Адам ата мен Хауа ана тұрған шыңға жетеді. Адам ата арқасымен Хауа ананы жауып үлгереді. Жартастың бір бетінде шұңқырлар болса, бір беті теп-тегіс.
Қазығұрт тауындағы жартастың саңылауынан өту үшін келетін туристер көп. «Ғайып Ерен Қырық Шілтенге» келген адам алдымен дәрет алады. Бас киімсіз жоғары көтерілуге болмайды. Жолда орналасқан қақпа тәріздес екі тасты тек оң аяқпен аттау қажет. Ал жартастың арасына оң иықпен кіру керек. Іші салқын. Жартас қысқанда бір күш адамның ауыратын жерлерін емдейді деген наным бар.
Халық жартас арасындағы тар өткелден күнә арқалаған адамдар қанша арық болса да, өте алмайды. Ниеті таза, сенімі берік адам қанша толық болса да, 20 сантиметр аралықтан қиналмай өтіп кетеді дегенге сенеді. Сол үшін де жартас басындағы шырақшы келушілерден Құдайдан көмек сұрап, ниеттенуге шақырады. Бұл жердің атауы Қобыланды, Алпамыс батырлар жырларында, қисса-дастандарда кездеседі.
Ер адамдар жартасқа қолын тигізіп Адам атаға сәлем берсе, ал әйелдер бас иіп тағзым етеді. «Ғайып Ерен Қырық Шілтенде» 13 жасқа жетпеген балалар өтетін ана құрсағы пішіндес жартас бар. Ол жерден қорықпай өткен бала дені сау, бақытты болады деген сенім бар.
Add comment