ГлавнаяБлог

Мектеп формасымен және оқу-құралдарымен кімдер тегін қамтамасыз етіледі?

Аз қамтылған немесе толық емес отбасының балаларына оқу жылы басталмас бұрын берілетін материалдық көмек бар. Бір баланың өзін мектепке дайындау үшін шаш етектен шығындалу керегі баршамызға белгілі. Ал жағдайы төмен отбасыға мұндай көмек екі есе қажет. Ендеше, мектеп формасы мен оқу-құралдарымен кімдер қамтамасыз етілуге тиіс, көмек қалай беріледі — осы жөнінде ақпарат бергенді жөн көріп отырмыз.

Жалпақ тілмен айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек алатын жанұяның балаларына жаңа оқу жылында материалдық көмек беру қарастырылған. Өзге де ньюанстарға сәл кейінірек тоқталамыз. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында жалпыға бірдей міндетті орта білім беру бағдарламасы аясында материалдық көмек көрсету шаралары 11 тамызда бастау алды. Соның шеңберінде белгілі бір категорияға кіретін мектеп оқушыларына мектепке киетін киім, аяқ-киім, оқу-құралдарын алуға 40 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіледі. Елорда әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, былтыр 13 245 оқушыға берілсе, биыл 15 мыңға жуық баланы қамту жоспарланып отыр. Бас қаланың бастамасы туралы толығырақ тарқатайық.   

Материалдық көмек кімдерге беріледі? 

Аталған жалпыға бірдей міндетті орта білім беру бағдарламасы аясында мына санаттағы балаларға тиесілі:

  • мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы отбасының балаларына;
  • мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы табыс көлемі күнкөріс деңгейінен аз отбасының балаларына;
  • жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған отбасыларда тұратын балаларға;
  • төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға;
  • білім беру ұйымының алқалы органы белгілейтін білім алушыларға. 

Көмек алу үшін не істеу керек? 

Қазіргі таңда мектептер көмекке мұқтаж отбасылар туралы ақпаратты бір жерге жинап, автоматтандырылған жүйеге салу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл болашақта осындай материалдық көмек тағайындау ісін біршама жеңілдету үшін қажет. Ал бүгінде жалпыға бірдей міндетті орта білім беру бағдарламасы шеңберінде көмек алу үшін бала оқитын мектепке барып, өтініш қалдыру керек. Білім беру ұйымының алқалы органы әлгі өтінішті 15 күн ішінде қарастырып, жауабын береді. Нұр-Сұлтандағы бағдарлама 11 тамыз күні басталғанын айттық. Жоспар бойынша 31 қазан күні тәмамдалады. Демек, осы уақыт аралығында ата-аналар балаларына көмек ала алады деген сөз. 

Ақша қалай аударылады? 

Биылғы тәсіл бұрынғыдан сәл басқаша. Себебі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынған BMC Sales диджитл платформасы арқылы жүзеге асады. Әр балаға бөлінген қаражат арнайы картаға әлеуметтік бірлік түрінде түседі. Оны белгіленген сауда орнында және нақты тауарға қолдануға болады. Былтыр жобаға 16 компания және 27 сауда орны қатысыпты. Ал осы жылы 18 компания мен 30 сауда орны қатысуға ниет білдіріп, қолдаған екен. Әлеуметтік бірліктердің қалай жұмсалғанын алушылар, әлеуметтік педагогтер, кәсіпкерлер және бағдарлама әкімшілері жеке кабинет арқылы қадағалайды. Бұл болса, бөлінген қаражаттың басқа мақсатта емес, оқушылардың қажеттілігіне жаратылуын бақылау үшін жасалған. 

Өзге аймақтарда да көмек көрсетіле ме? 

Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мектепке жол» акциясы бар. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының балаларына мектеп формасы мен оқу-құралдарын береді. Жыл сайын өткізілетін іс-шара биыл да әр аймақта жалғасын тауып жатыр. Әлеуметтік көмек алатын отбасының 6-18 жас аралығындағы балалары оқу жылы қарсаңында мектеп формасымен қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда:

  • пиджак пен жилет;
  • шалбар немесе белдемше, сарафан;
  • жейде;
  • аяқ-киім.

Егер балада бұл форма бар болса, оны спорттық киімге ауыстырып алуға болады. Ал енді оқу-құралдарына келсек, мұнда бастауыш сынып пен жоғары сыныпта аздаған айырмашылық бар. Алдымен, бастауыш сынып оқушыларына берілетін оқу-құралдарының тізімі:

  • рюкзак;
  • 20 дәптер;
  • пенал;
  • сурет салуға арналған альбом;
  • 10 қалам;
  • 10 қарындаш;
  • 10 дәптер не оқулық қабы;
  • акварель бояу;
  • сызғыш;
  • өшіргіш.

Ал 5-сыныптан жоғары оқитындарға акварель бояу берілмейді, есесіне 10 қалың дәптер қосылады. 10-сыныптан жоғарыларға сурет салуға арналған альбомның орнына циркуль беріледі. Оқу-құралдарымен қамтамасыз ететін көмек әр өңірде түрлі әдіспен жүзеге асырылады. Кей аймақ өздері дайындап берсе, енді бір жерде сертификат түрінде берілуі мүмкін. Сонымен бірге бөлінетін соманың да көлемі әр облыс үшін әртүрлі. «Мектепке жол» акциясы аясында көмек алуға өтінішті «Менің Атамекенім» (www.atamekenim.kz) порталының «Мектеп жол» бөлімі арқылы беруге болады. Өтінімді портал өңдейді, көмек кезек бойынша көрсетіледі. Дәстүрлі қайырымдылық шарасының басты мақсаты — әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңiнде қолдау көрсету. Бұл акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Бір айта кетерлігі, «Мектепке жол» акциясы демеушілердің көмегімен жүзеге асады.