Қорқыттың сыры ашылмаған күйлері

Қазақ музыка тарихында ән-күйлері тұңғыш өз атымен аталып, авторлығын біздің заманымызға дейін толық сақтаған «әсем саз, нақты шындықты» бастаушы Қорқыт болған. Бізге жеткен халық музыкасының қай-қайсысын алсақ та, Қорқыттан кейін дүниеге келген. Әйгілі тарихшы Әлкей Марғұлан да «Қорқыт –қазақтың күй атасы, ән-күй, музыка үйретуші» деп түйген.

Халық музыкасында Қорқыттан қалған мұраның ең тамашасы – «Қорқыт күйі», «Қорқыт сарын», «Қорқыт толғауы»,«Тәңірі биі», «Боз інген», «Желмая» және тағы басқалары. Бұлар – толығымен музыка мен философияға ұласатын шығармалар.

Ажалдан қашып су жағасында өмір сүрген Қорқыт күндіз-түні толқынды күйлер шығарған. Аңыз бойынша, ажалдың өзі де Қорқыттың күйіне балқып, оған жақындай алмаған.

Видео – Mahabbat Olmes

Батырлар жыры және лиро-эпостық жырлар

Халық жадында 100-ден аса эпос сақталған. Оны қылқобыз немесе домбыра арқылы орындаған. Күні бүгінге жеткен шоқтығы биік жырларды – «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Қамбар», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» халық арасында қазір де жатқа білетіндер бар.

Түркі халықтарының ішінде қазақ халқы батырлар жырына өте бай. Фольклор жанрларында батырлар жырының көтерер жүгі анағұрлым үлкен. Елдің патриоттық сезімін оятып, рухтандыратын күші бар. Тіпті, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде осы жырларды халықты рухтандыру үшін қайта халық арасында кеңінен таратқан, – дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақ.

Айтыс – әдебиет пен музыка

Айтыс – халық өмірін бейнелейтін әдебиет пен музыканың біте қайнасқан саласы. Ол халықтың қуанышы мен қайғысын, саяси өмірі мен күнделікті тұрмысын дәл бейнелейді. ХІХ ғасырға дейінгі айтыстар қазіргі заманға өте аз жеткен. Халық фольклорына айналып, шығарушы ақыны ұмытылған.

Қазақ халқы ақындардың жалын атқан өткір сөздеріне ғана емес, оның әуеніне де ерекше мән беріп, сөзі мен әні «қиыннан қиысқандарын» айрықша қадір тұтан, – дейді Сәбит Мұқанов.

Айтыскерлер ақындықтың үстіне әнші болған. Александр Затаевич, Евгений Брусиловский, Ахмет Жұбанов жинаған қазақ әндерінің көпшілігінің авторы – ақындар.

Видео – Alina Khalimolla

Әрі ақын, әрі композитор сал-серілер

Сал-серілер – музыка тарихында ерекше орын алатын дарын иелері. Олар – әрі ақын, әрі композитор, әрі әнші, әрі орындаушы, қазақ өнерін, музыкасын насихаттаушы.

Академик Әлкей Марғұлан  «сал» деп «өз бағытымен жүретін,  сылқымдық, кербездік, киімді әдемі киіну, өзімен қатар жүретін адамның бәрінен де қиянатымен де, киімімен де артық болып, асып түсетін бір аяулы адам» деп сипаттайды.

Сал-сері дегенде ең бірінші Біржан сал мен Ақан сері еске түседі. Десе де, қазақ даласында сал-серілер көп болған. XVII ғасырдың аяғы мен XVIIІ ғасырларда Дәстем сал мен Дүйсен сері, Салғара, Жанақ, Шағырай сал, Жанат сері, Сейітжан сал, Құман сері, Нияз сері, Көрпеш сал, Шәрке сал, Сегіз серілер өткен.

Абай әкелген жаңа леп

Абайдың нота сауаты болмаса да, қазақтың ән шығару ісінде жаңалықтар тудырды. Орыс мәдениетімен сусындап, музыкасынан үлгі алып, жаңа үн, жаңа ырғақты қолданып, «Сегіз аяқ», «Татьянаның хаты», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Көзімнің қарасы» сияқты әндер шығарды.

Абай әндерінің өзгешелігі — мелодиялық, ырғақтың жақтарындағы жаңалықтарында, идеялық мазмұнының ашықтығында. Шығармалары халықтық негізден нәр алғандықтан, халық әндерімен тамырласып жатқандықтан нотаның жоқ кезінде-ақ, ауыздан ауызға көше отырып, қалың бұқараның игілігіне айналды. Бұған бұрын-соңды қазақтың халықтық музыка салтында болмаған жаңа музыкалық өткір тіл мен жаңашыл өлең текстіне кұрылуы да себеп болды, деді Ахмет Жұбанов.

Абай әкелген леп Шәкәрім сынды шәкірттерін шарпыды. Музыкалық эстетика түрленіп, жаңашыл бетбұрыс жасалды.

Видео – Дешті Қыпшақ

Қазақ классика музыкасының бастауы

Қазақ жерінде ХХ ғасырдың басында музыка мектептері, театрлар ашылып, консерватория аудандар мен облыстарда байқаулар ұйымдасырылды. Әнші, композиторлардың қатысуымен ел ішінде, қала берді Мәскеуде концерттер қойылды. Ахмет Жұбанов қазақ музыкасын зерттеп, аузыдан ауызға тараған ән-күйлерді нотаға түсіріп, жаңғыртты.

Евгений Брусиловский «Қыз Жібек», «Жалбыр» сияқты алғашқы қазақ операларын жазды.  Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди «Абай», «Төлеген Тоқтаров», Мұқан Төлебаев «Біржан – Сара» операсын дүниеге әкеліп, қазақ муызкасына жаңа толқын сыйлады.

Видео – Гуманитарный фонд Дегдар

Шетелге жеткен әуен

Қазақ музыкасын шетелге алғаш танытқандардың бірі – Әміре Қашаубаев. Ол 1925 жылы Парижде ән шырқап, Еуропаға танылды. Бұл халық музыка тарихында батыл қадам болып жазылды.

Қазақтың әншісі Әміре Қашаубаев өзінің халықтық манерада айтылатын емін-еркін даусына ұлт аспабы домбырасының сүйемелін қосып, толқытатын әндерін орындады. Солардың бәрінде де өнерін Парижге көрсетуге келген адал көңілді артистердің өз Отанына деген жалынды сүйініші сезіледі, – деп жазды Париж апталығы газеті.

Видео – Zhanna Musa

Гүлденген классикалық музыка

Соғыс жылдары ақын-композиторлар ерлікті жырлайтын туындылар шығарды. «Әлия», «Соғыстан қайтқан солдаттар», «Ана туралы баллада», «Дариға сол қыз», «Кестелі орамал» сияқты майдан әндері дүниеге келді.

Бақытжан Байқадамов, Жүсіпбек Елебеков, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Мыңжасар Маңғытаев, Нұрғиса Тілендиев, Теміржан Базарбаев, Ілия Жақанов, Сейдулла Бәйтереков, Ескендір Хасанғалиев сияқты композиторлар жазған әндер ауыздан-ауызға тарады. Кейінірек Кеңес Дүйсекеев, Төлеген Мұхамеджанов, Алтынбек Қоразбаев, Жеңіс Сейдуллаұлы ән жазды.

Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі, «Отырар сазы» оркестрі, «Гүлдер», «Дос-Мұқасан», «Арай» ансамбльдері, «Сазген» этнографиялық ансамблі құрылды. Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев және Роза Жаманова Қазақстанды аралап, шетелде концерт қойды. Әнші Әлібек Дінішев, Роза Рымбаев, сприпкашы Айман Мұсаходжаева, пианист Жәния Әубәкірова, виолончелист Алан Бөрібаев, опера әншісі Майра Мұхамедқызы халықаралық байқауларда жеңіске жетті.

Тәуелсіздік кезеңіндегі музыка

90-жылдардың басында әншілер шығармашылығын фольклорлық музыкамен, қазақтың ұлттық ән-күйлерімен байланыстырып, оларға жаңа өң берді. Urker тобы құрылып, ұлттық әндерді заманауи нақышта шырқады. ТМД-ға танылған «А-Студио» тобының «Джулия», «Солдат любви», «Нелюбимая» әндерін тыңдармандары сүйіп тыңдады. Парвиз Назаров, Дильназ Ахмадиева, Рахат Тұрлыханов сынды әншілер шықты.

«Азия Дауысы» халықаралық музыкалық фестивалі қаншама артистерді халыққа танытты. Олардың арасынан Бауыржан Исаев, Медеу Арынбаев, Нұрлан Абдулин сияқты әншілер шықты.  «Жас Қанат» байқауы да жаңа толқын әншілерді әкелді.

Видео – A’Studio Official

Жаңа бағыттар

90-жылдардың соңында хип-хоп, рэп, бойз-бэнд, поп-джаз сияқты жаңа музыка бағыттары тарады. Rap Zone тобы, «АБК» триосы, «Дервиши» тобы дүниеге келді.

Жастайынан халыққа танылған Мейрамбек Бесбаев «МузАрт» тобына қосылып хит әндерді жарыққа шығарды. «Жігіттер», «Орда» және RinGo сияқты жігіттерден құралған, «Рахат-Лукум», «Дауыс International», FM сияқты қыздардан құралған топтар пайда болды.

Поп-музыкамен қатар хип-хоп, r’n’b, рок қарқынды дамыды. Ghetto Dogs, Metis’s, «Не всё сказано», «101» тобы тыңдарманға жол тартты. Оннан аса рок тобы болды. Қыдырәлі Болманов жетекшілік еткен «Ұлытау» этно-рок тобы әлем сахналарында өнер көрсетті.

SuperStar KZ музыкалық шоуының арқасында халық Қайрат Түнтеков, Әлішер Кәрімов, Алмас Кішкенбаев, Мөлдір Әуелбекова, Нұржан Керменбаев сияқты әншілерді таныды.

Видео – Rap History KZ

Шоу-бизнес пен той бизнес

2000-жылдың алғашқы онжылдығында шоу-бизнеспен қатар, той бизнес те қарқынды дамыды. Эстрада әншісі Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі сияқты әншілер тыңдармандардың жүрегіне жол тапты. 2010-жылдардың басында Ғалымжан Молданазар қазақ музыкасына жаңа леп әкелді. Инди жанры қазақша сөйледі. Молданазардан соң Molto Loud, City&Shivers, ElephantGun, Far In Gate, Qonyratbay Fam топтары дүниеге келді.

Q-pop

2015 жылы Ерболат Беделхан Ninety One тобын халыққа таныстырды. Қазақстандық тыңдармандар корейлік попқа ұқсас жанрда өнер көрсеткен топ образын алғашында қабылдай алмады. Елдің бірнеше қаласында адамдар наразылық танытса да, бүгінде Ninety One тобының аудиториясы көп. Топ туралы BBC жазды. Қазіргі таңда олар – концерттер мен музыкалық шоулардың хэдлайнері. Бейнебаяндарын көрермендер тағатсыздана күтеді. Осылайша Ninety One тобы қазақстандық поп Q-pop жанрын әкелді. Артынша EQ, NEWTON, DNA, SEVENLIGHT, Juzim, CristalZ, IceBlue топтары дүниеге келді. Алайда Ninety One ғана белсенді түрде Q-pop жанрын дамытып келеді. Қалған топтар не тарап кетсе, не жеке-жеке ән айтып жүр. Ал жалғыз орындаушы Ziruza жаңа әндер мен бейнебаяндар шығарып тыңдармандарын таң қалдыруға тырысады.

Видео – GAKKU TV

Әлемге үнін жеткізгендер

Димаш Құдайберген қытайлық «I am Singer» жобасына қатысып, шетелге таныла түсті. Әлемнің түпкір-түкпірінен қазақ музыкасын тыңдайтын тыңдармандары көбейді. Жас әнші Данэлия Төлешова Украинада «Голос Дети» жобасында жеңіске жетіп, America’s Got Talent танымал шоуының финалына жетті.

Скриптонит, Jah Khallib, Назима, The Limba, M’Dee, abdr, Dequine сияқты орындаушылар ТМД-ға танылды. Саунд-продюсер Иманбек Зейкенов Roses әніне жасаған ремиксі үшін «Грэмми» сыйлығын жеңіп алды.

Видео – Musica36

Бүгін мен ертең

Қазақстанда өзіндік музыка стилімен көпке танылған орындаушылар жетерлік. Солардың бірі – Raim & Artur. Әуендерінен 80-жылдардағы ырғақты, домбыра мен қобыздың үнін, ағылшынша сөздерді табуға болады. Қазақша-орысша аралас тілде болса да олардың әр әні шыққан сәттен хитке айналады. Raim-ның жақында шыққан жеке альбомы әнсүйер қауым жылы қабылдады. Ал Мирас Жүгінісов, Darkhan Juzz, dudeontheguitar, Hey Monro, Asiya, TASPAY, Dana Tunes, Jeltoksan. сияқты жас орындаушылар ерекше музыкасымен  халықтың жүрегіне жол тапты. Пандемия кезінде Мархаба Сәби жаңа туындыларымен қуантты. “Ирина Кайратовна” тобы туындыларында саяси көзқарастарын ашық білдіре бастады.

2019 жылы отандық музыка индустриясын дамыту мақсатында Spotify стриминг сервисіне ұқсас ән жариялайтын ÕZEÑ атты платформа пайда болды. Былтыр ÕZEÑ артистері Абайдың 175 жылдығына орай ақынның бірнеше әнін заманауи әуезбен орындады. Биыл YouTube-те жанды дауыспен орындалатын және хип-хоптан индиге дейін әртүрлі жанрда шырқайтын артистер әндерінің жинағы – OYU атты жаңа музыкалық жоба іске қосылды. Молданазар Moldanazar Music лейблін іске қосып, Orynkhan, Ali сияқты орындаушыларды тыңдармандарға таныстырды.

Үлкен буын бас қосқанда ретро әндерді бірге шырқайды. Ал жастар эстрада әншілерінен гөрі поп-музыка өкілдерін тыңдайды. Қазақстанда заманауи музыка индустриясы түрлі бағытта дамып жатыр. Халықтың талғамы артып, әртүрлі жанрдағы әндерді тыңдайтын болды. Жас орындаушылар кемінде ТМД-ға танылып, отандық музыканы шетелге жеткізіп жатыр. Аздаған жылдан соң әуенін ұйып тыңдап, сөздерін бүкіл әлем қоса шырқайтын музыканттар пайда болуы әбден мүмкін.