Айбек Қуатбай, IT-маман, Bugin Holding жетекшісі
Бағдарламашы болу үшін ең бірінші математиканы жақсы меңгеру қажет. Сосын кең ауқымды ойлай алатындай логика керек.
ЖОО-ға түсу көбіне қызығушылығы ұқсас адамдармен байланысып, олармен орта құру үшін маңызды. Негізі бағдарламашы үшін Google-ден, YouTube-тен курстар қарап, өз бетінше тәжірибеден өту көбірек пайдалы. Бұл салада маманға 30% теория, 70% тәжірибе қажет.
Қазір Қазақстанда ҚазҰУ-дың механика-математика факультеті, ХАТУ, СДУ, ҚБТУ сияқты оқу орындары білікті IT-мамандарын даяралап жатыр.
Мүмкіндік болса, шетелде оқыған дұрыс, бірақ онда да ЖОО-ны дұрыс таңдау қажет. Қай қалада мықты IT-компания болса, сол жерде IT-ді сапалы оқытатын оқу орны да міндетті түрде болады. Себебі университеттер мықты компанияға бәсекеге қабілетті маман дайындауға машықтанады, бәрінен озық болуға тырысады. Мысалы, Яндекс, Google компаниялары орналасқан қалаларда немесе соған жақын жерлерде мықты университеттер бар. Дегенмен бәрі шетелде оқысын демеймін, ол адамның қалауына байланысты.
Егер бағдарламалауды жылдам үйренгісі келсе, онда интернеттен-ақ түрлі курс қарап, үйрене алады. Ал қызығушылықтары бірдей адамдармен араласып, олардың ортасымен байланысамын десе немесе болашақта IT-компания құрамын деген жоспары болса, университетте оқыған дұрыс.
Бағдарламашы болғысы келетіндерге кеңесім: ағылшын тілін меңгеру керек, математиканы жақсы білу қажет. Ірі шетелдік компаниялар, танымал IT-мамандар туралы жаңалықтардан хабардар болған жөн. Осы сала туралы үздік кітаптарды оқып жүрген де дұрыс. Бағдарламашы – қазір әлемдегі ең қажет бес мамандықтың бірі әрі жақсы сұраныста. IT-мамандығының да түр-түрі бар. Осы саланы таңдаған адам өзіне ұнаған, қолайлы түрін таңдап, соны дамытқаны дұрыс. Бірақ екі компьютер құрастырып, бір-екі бағдарлама орнатып «мен IT-маманмын» деу қате.
Тимур Бектұр, IT-маман, Тimur academy офлайн-онлайн оқыту орталығының негізін қалаушы
Бағдарламашы болудың екі жолы бар: біріншісі – асықпайтын, екіншісі – тез бастап кетуге болатын жол. Асықпайтын жолға әдетте оқушыларға, студенттерге түсуге болады. Олар университетке түсіп, кітаптар оқып, теориялық білім алып, базалық білімін жетілдіріп, сосын барып бағдарламалауға ауысып, тәжірибеден өтеді. Мақсатқа осылай біртіндеп, сатылап жетуге болады. Егер уақыт болса, бәрін жанталаспай меңгерген дұрыс. Ал жылдам бастап кеткісі келетін адам болса, екінші жолды ұсынамын. Ол PBL (project best learning) деп аталады. Бұл – бір курсқа қатысып немесе бір материал оқып, соны бірден жүзеге асыру, өз қолымен жасап көру. Жобалар, бағдарламалар немесе нақты кішкентай функцияны атқаратын қолданбалар жасау арқылы бағдарламалауға бірден, топ етіп кіріп кету. Мысалы, теңізшілерді әскерге барған кезде бірден теңізге жібереді дейді, жүзетін адам да, жүзбейтін адам да басына іс түскен кезде жүзіп кетеді екен. Сол сияқты бірден жоба жасауға кірісіп кетуді project best learning дейді. Негізі қазіргі таңда осы әдіс қарқын алып келе жатыр. Өзі немесе бір топ адам жиналып, bootcamp-тер, хакатондар жасайды. Мысалы, адамның коронавируспен ауырған-ауырмағанын анықтайтын Ashyq қолданбасы өте қарапайым жасалған. Ол тек екі беттен және үш батырмадан тұрады.
Жоғары оқу орнында ғылыми базаны меңгеруге болады. Біздің мамандықта оны сomputer science деп атайды. Мысалы, математикада бірден матрицаны немесе алгоритмді, түбір астын үйретпейді ғой. Әуелі арифметиканы үйренеміз, яғни «сан деген не?», «бүтін сан деген не?», «алу, қосу деген не?» сияқты. Негізгі базасын меңгерген соң біртіндеп күрделене түседі. Бағдарламалау да сондай – оның базасы болса, университетте оқуға уақытын құртқысы келмесе, онда қысқа мерзімді курсқа барғаны дұрыс. Егер адам құрылымдарды, алгоритмдерді, математикалық модельдерді, басқа да қисындарды меңгермеген болса, курста оқу өте ауыр болады. Мысалы, 8-сыныптың баласына ешкім қосу, алу, көбейту дегеннің не екенін түсіндіріп жатпайды, себебі ол базаны біледі деп есептеледі. Қысқа мерзімді курстар да дәл солай.
Қазақстанда НУ, ХАТУ, Astana IT University, СДУ, ҚБТУ және Нархоз университеті IT-мамандарын жақсы оқытып келеді.
IT-маман болғысы келетін түлекке айтарым: базалық білімді жақсы меңгеріңіз. Базалық білім – адамның ішін пыстыратын, жалықтырып жіберетін, бітіп болмайтын, мылжың материалдардан тұрады. Бірақ онсыз мықты маман бола алмайсыз. «Бір күнде бағдарламашы болып кет», «3 күнде осындай деңгейге жет» деген курстар бар немесе кейде университеттерде жарнама жасағанда бәрін оп-оңай қылып жібереді. Бірақ университетке түсетін талапкер болсын, басқа болын IT мамандығына бет бұрғысы келсе, онда асықпауы керек. IT мамандық көп, өзгере береді, жаңа түрлері шығып жатыр. Бірақ базасы бар адам, IT мамандықтың қай-қай түріне болса да, тез әрі жеңіл бейімделеді. Мысалы, бағдарламалауды оқыған адам кейін тестілеуші, IT-сәулетші немесе IT-жоба менеджері болуы мүмкін. Ең маңыздысы – не оқыса да, іргелі, ғылыми базасы болуы керек. Қазіргі таңда кез келген трендтегі мамандықтың барлығының өзегі ішпыстыратын, жалықтыратын, мылжың курстардан тұрады. Сол курстарды дұрыстап меңгеру керек, сонда қалғаны жеңіл болады.
Абылай Алламұрат, Platonus компаниясының тестілеуші маманы
Қазір түрлі курсқа қатысып, бағдарламашы болып жүргендер көп. Ол стартапта жұмыс істеуге, ірі компаниядан тәжірибеден өтуге жеткілікті. Бірақ бәрібір кәсіби өсуге жоғары білім қажет болады. Онда да дипломмен бірге белгілі бір курстарды өткенің туралы квалификация, сертификат та талап етіледі.
IT мамандығында оқытатын ЖОО-ны таңдаған кезде дәл осы салаға маманданған оқу орнын таңдаған дұрыс. Жалпы білім беретін, универсал университетті емес, мысалы, Қазақстанда Astana IT University, Алматыдағы ХАТУ білікті IT мамандар дайындап жатыр.
Бағдарламашы болу үшін мектеп кезінен осы салаға қызығып, интернеттен түрлі курсты қарап, саналы түрде дайындалу қажет. Себебі көбі бұл салада жоғары жалақы алуға болатынын, осы салаға көп грант бөлетінін есептеп, жай таңдай салады. Бұл мамандықты кездейсоқ таңдағандардың басым бөлігі жарты жолдан тастап кетіп жатады. Себебі университетте үйрететін базалық білім маңызды болғанымен, көбіне ішпыстыратын, ұзақ болады. Ал соның бәрін толық меңгеріп шыққан маман кез келген IT-компания жұмысына тез бейімделіп кетеді. Базалық білім болса, кез келген тапсырманы шеше алады. Бағдарламашыда болуы керек басты қасиеттер: үнемі ізденісте болу, стреске төзімді болу.
Базалық білімсіз IT-жобамен айналысамын дейтіндер болса, өте керемет курстар бар. Мысалы, Udemy, Яндекс, GeekBrains платформалары ұсынған курстар. Бірақ көбі ағылшынша болуы мүмкін. Сондықтан бағдарламашы өзін үнемі дамытып отыруы үшін ағылшын тілін жетік білгені жөн.
Ақылжан Балтасов, Aqool стартабының негізін қалаушы, басқарушы
Қазір Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елінде бағдарламашылар жоғары сұранысқа ие. Сұраныс жоғары болған сайын, оларға қойылатын талап пен жалақы да жоғары. Бағдарламашы болу үшін көп уақытыңызды компьютерде өткізуге және жаңа білім іздеп, үйренуге дайын болуыңыз керек.
Сосын IT саласындағы өзіңізді қызықтыратын бағытты анықтап, сол бойынша мамандану маңызды. Мысалы, ойындар құрастыру, web-бағдарламалау, мобайл қолданба, embedded, data science және тағы басқа. Бағытты таңдағанан кейін, сол бойынша курстарды іздеп, оқыған дұрыс. Мүмкін сіз таңдаған мамандықта курс оқу жеткіліксіз шығар. Мысалы, data science-ті базалық білімсіз бастау қиын. Сол үшін бейіндік пәнге дайындалып, жоғары білім алған жөн.
Дегенмен бағдарламашы болу үшін жоғары оқу орнында оқу міндетті емес. Ол үшін интернеттегі ақылы материалдарды, курстарды оқу жеткілікті.
Ал жұмысқа орналасар кезде маманның ең бірінші қабілеттеріне (skill) назар аударады.
IT мамандығын Польшада оқыдым. Қазақстандағы оқу орындарының сапасы мен деңгейі туралы ештеңе айта алмаймын. Бірақ IT саласындағы маман қайда оқыса да, оның өсуі тек оқу орнына емес, өзіне байланысты. Польшада қабілетті бағдарламашыға жұмыс табу өте оңай. Мұнда көптеген ірі корпорацияның кеңсесі орналасқан және ұсақ IT-компаниялар көбейіп, дамып жатыр. Университетте оқып жүргенде сондай швед Ericsson компаниясында тәжірибеден өтіп, жұмысқа тұрдым.
Бағдарламашы болғысы келетін талапкерге айтарым – үнемі дамудан шаршамаңыздар. Кейінгі кезде жаңа технологиялар қарқынды дамып жатыр. Университетте үйрететін кей ілім тез ескіріп, маңызын жоғалтуы мүмкін, сондықтан өздігіңізден жаңа нәрсені оқуға бейім болыңыз.
Едіге Радолда, IT Bilim онлайн мектебінің тәлімгері
Бағдарламашы болу үшін белгілі бір бағдарламалау тілін үйренуден бастау керек. Сол арқылы қарапайым есептер шығарып, код жазып жаттығулар жасау керек. Ары қарай қызыққан бағытына қарай әртүрлі платформадан курстар өтіп, жобалар жасап білігін арттыруға болады.
Жоғары білім алу міндет емес, дегенмен бұл жерде бәрі адамның өзіне байланысты. Егер жоғары білім алғысы келсе, ең мықты оқу орнын таңдаған дұрыс. Себебі онда жақсы орта табуға, білікті ұстаздардан білім алуға, мықты тәжірибе жинауға және жақсы нетворкинг орнатуға мүмкіндік аласың. Қазіргі жағдайда бакалаврды өз елімізде де оқуға болады. Себебі Қазақстандағы IT университеттер деңгейі шетелдегі біраз оқу орнымен бәсекеге түсе алады. Бұл сұрақ 10-15 жыл бұрын қойылғанда «шетелде оқу керек» деп жауап берер едім. Ал магистратура мен докторантураны шетелдің үздік университетінде оқыған жөн. Себебі ғылыми зерттеу мен академиялық мансап үшін еліміздегі орта әлі дайын емес сияқты. Қазақстанда IT саласын үздік оқытатын ЖОО-лар қатарына ҚБТУ, ХАТУ, НУ, СДУ-ды жатқызар едім. Бұл оқу орындарының түлектері еліміздің ғана емес, шетелдің мықты компанияларында (Google, Facebook, Amazon, Microsoft, және т.б) жұмыс істеп жүр.
Ал жоғары білім алмай, курс оқып, жетілу үшін бастапқыда жол көрсететін тәжірибелі ментор жалдаған дұрыс.
Бұл саладағы мамандықты таңдаған кез келген адамда қайтпас мінез болуы керек. Мысалы, жұмыс кезінде түрлі мәселе шығып, кодтау кезінде қателер апталап шешілмейтін кездер болады. Сол уақытта мойымай, қайтпас мінез танытып, мәселені шешуге тырысып, іздену қажет болады.
Сосын IT маман ағылшын тілін жақсы білуі керек, сонда жаңа нәрселерді жылдам үйреніп алуға болады, шетелдік үздік университеттердің онлайн курсын да осы тілде оқуға тура келеді.
IT мамандықтар бойынша Қазақстандағы ЖОО-лар рейтингісі
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР БҒМ тапсырысы бойынша ЖОО-лардың бакалавриат деңгейіндегі 2 мың білім беру бағдарламасының нарық талабына сәйкестігін бағалады.
2020 жылы республика бойынша Ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша маман даярлауға жоғары оқу орындарына 70 лицензия берілген.
Білім беру бағдарламаларын бағалаудың негізгі критерийлерінің бірі – жұмысқа орналасқан түлектердің үлесі және олардың орташа жалақысы. Бұл мәліметтер жоғары білімді басқарудың бірыңғай жүйесінен алынды және Зейнетақы төлеу жөнiндегi мемлекеттiк орталық базасымен салыстырылды. Рейтингті құру барысында республиканың жетекші ІТ-компанияларының сарапшылары білім беру бағдарламаларының мазмұнына талдау жүргізіп, баға берген.
Алғашқы үш білім бағдарламасына 2020 жылы грантқа түскендердің балы: жалпы конкурс – 85 балл, ауыл квотасы – 65 балл. Барлық мамандықтың бейіндік пәндері – математика, физика.
«Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» білім беру бағдарламасының рейтингі
Бос жұмыс орындар саны (01.01.2021 ж. бойынша ): 5 707
Мамандық бойынша орташа жалақы: 293 313 теңге.
Білім бағдарламасы бойынша оқытатын ЖОО саны: 59.
«Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасының рейтингі
Мемлекеттік білім гранты: 2317
Бос жұмыс орындар саны (01.01.2021 ж. бойынша ): 1 686
Мамандық бойынша орташа жалақы: 293 313 тг
Білім бағдарламасы бойынша оқытатын ЖОО саны: 65
«Математикалық және компьютерлік модельдеу» білім беру бағдарламасының рейтингі
Мемлекеттік білім гранты: 2317
Бос жұмыс орындар саны (01.01.2021 ж. бойынша): 650
Мамандық бойынша орташа жалақы: 293 313 тг
Білім бағдарламасы бойынша оқытатын ЖОО саны: 11
«Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері» білім беру бағдарламасының рейтингі
2020 жылы грантқа түскендердің балы:
Жалпы конкурс – 83 балл
Ауыл квотасы – 0 балл
Мемлекеттік білім гранты: 1200
Бос жұмыс орындар саны (01.01.2021 ж. бойынша): 6 224
Мамандық бойынша орташа жалақы: 293 313 тг
Білім бағдарламасы бойынша оқытатын ЖОО саны: 7
Add comment