«Укулеле терапиям болды»
«Бірде актер Әнуар Нұрпейісов пен әнші Сон Паскальдің осы аспапты тартып ән айтқан видеосын көріп қалдым. Дыбысы да, формасы да ұнап, қызықтым. 2019 жылдың желтоқсанында досым туған күніме қандай сыйлық алғым келетінін сұрады. Әрине, таңдауым укулелеге түсті», – дейді ол.
Толқын ол кезде тырнағын өсіріп, маникюр жасап жүретін, бірақ онымен укулеле тарта алмайды. Укулеле гитара сияқты алты ішекті емес, төрт-ақ ішегі бар. Оған қоса, тығыз орналасқан. Тырнақ тықылдап кедергі жасапты. Басында тек 2-3 рет дыңғырлатқаны болмаса, кейін қорабына салып үйдің бір бұрышына қоя салған.
«2020 жылы карантинде ауылға кетіп, Алматыға маусым айында бір-ақ оралдым. Қаладағы үйімді, Алматыны сағынып қалыппын. Бұрыштағы укулелені қолға алдым. Ішімдегі сағынышты шығарғым келді. Әр аккордты басып отырып, сүйікті әндерімнің ырғағын келтіре бастадым. Сол сәттерде укулеле маған терапия болған сияқты», – дейді Толқын.
Укулеле кез келген әнді сүйемелдей ала ма?
Толқын укулелемен кез келген әнді шырқауға болатынын айтады. Дегенмен керек аккордты іздеуге ұзағырақ уақыт кетуі мүмкін. Кей аккорд шпаргалкада болмаса, қағыстарды естіп отырып шығаруға тура келеді.
«Кез келген укулеле аккордымен сатылады. Оны шпаргалка деуге де болады. Бірақ оған қарағанда YouTube арналарынан үйрену оңайырақ көрінді. Ең қарапайым екі-үш аккордты көріп алдым да, әрі қарай есту қабілетім арқылы тартып кеттім», – дейді Толқын Нұрбекова.
Толқынның айтуынша, YouTube-те шетел әндеріне арналған аккордтар бар, қазақша әндердікін таппапты. Ал ол укулелемен қазақша ескі әндерді айтқысы келеді. Сосын укулелені қағып отырып, шырқағысы келген қазақша әндер ырғағын шығарып жүреді.
Укулеле не себепті трендке айналды?
Толқынның айтуынша, укулеленің дыбысы ерекше әрі аспап көтеріп жүруге ыңғайлы. Оның үстіне, барлық әнді сүйемелдеуге келе беретіні тағы бар.
«Көңілсіз ән айтып тұрсаң да, дыбысы қызық: әрі мұңды, әрі ойнақы», – дейді өзі.
Композитор Дидар Кәден тек Толқында болатындай аспапқа үкі тағып қоюды ұсынады. Солайша #үкіліукулеле деген хештэг пайда болыпты.
«Қазір укулелені, әсіресе жастар ұнатады, тыңдайды. 12-13 жастағы жасөспірімдер қызығады. Шәкірттерімнің укулелемен қазақша ән айтқанымды көбірек тыңдайтынын байқадым. Балалар қызықса, демек қазақша әндерді осылай да жеткізуге болады», – дейді ол.
Instagram-да Толқынның укулелемен ән айтқанын көрген біраз жазылушы және театрдағы екі әріптесі осы аспапты сатып алыпты.
«Әлеуметтік желіде дайректіме адамдар түрлі ән аккордын сұрайды. Басында әрқайсысына жеке видео түсіріп жіберетінмін. Соны естіген достарым Youtube-те қазақша әндерді укулелеге салып орындауды үйрететін канал ашуды ұсынды. Жазылушылардан сұрағанымда, олардың жартысы аш десе, қалғаны жұртпен ақылдаспай-ақ ашу қажет екенін айтты. Керек адам каналды іздеп табады», – дейді артист.
Дегенмен Толқын канал ашуға әзір асықпайды. Оның жауапкершілігі үлкен екенін және видеоларды тұрақты жүктеп отыру қажет екенін ойлап жүр.
Укулеле кез келген көңіл-күйге арналған
Толқын мектепте домбыра класын бітірген. Укулеле де – ішекті аспап, онда екеуінің айырмашылығы неде?
«Домбыра мен укулеленің ерекшелігі үнінінде. Домбыраның үні қоңыр. Оны шала тарту мүмкін емес, қате тартып отырғаның білініп қалады. Сосын ол аспап анау-мынау әнді сүйемелдей беруге келмейді. Өзім домбыра ұстасам, аздап жиырылып қаламын. Мысы басып тұрады. Ал укулелемен тіпті рок-музыканы да сүйемелдеуге болады, кез келген көңіл-күйді бере алады. Домбыраға ондай еркелік жүрмейді», – дейді Толқын Нұрбекова.
Толқын мұңайса да, қуанса да укулелеге қол созатынын айтады.
«Кіп-кішкентай болып бұрышта тұрады. Өзін кәдімгідей еркелетемін. Бір күні укулеле тартып, видеоға түспек болдым. Бірақ аспаптың үні де, видео да ұнамады. Қарасам, үкі тақпаппын. Сосын «Саған үкі тақпасам, дұрыс ойнай алмайды екенсің ғой» деп қоямын. Оның жансыз аспап екенін білемін ғой, бірақ кейде жанымды түсінетіндей солай сөйлесемін», – дейді ол.
Укулелені қалай таңдау керек?
Толқын аспапты сатып аларда ішегінің жұмсақтығына мән беру керек екенін айтады. Өзінікі аздап қаттылау. Жұмсақтау ішек шерткенге ыңғайлырақ, қаққанда саусақтар ауырмайды. Пернесін басқанда да саусақтың ұшына қатты батпайды.
«Аспаптың сыртына лак жағылып, ол сырғып кете беруі мүмкін. Сондықтан қолға ұстап, тартып көргенде сусылдап түсе бермеуіне мән берген жөн. Сосын укулеле тартатын ыңғайлы позаға аспап сай келетін-келмейтінін тексеру қажет. Мен сол аяғымның бас жағын оң аяғыма қойып тартамын, укулелем сол отырысыма ыңғайлы», – дейді Толқын.
Аспаптың үніне назар салу керек. Дыбыс аса шиқылдап та, қоңыр болып та кетпеуге тиіс.
«Укулелеге ешқандай күтім жасамаймын. Арасында трикотаж матаны сәл дымқылдатып сүртіп қоямын. Үйде де қабынан шығармаймын. Тек тартатын кезде аламын», – дейді ол.
Толқынның қолындағысы – укулеле-сопрано. Негізі укулеленің 4 түрі бар:
- Укулеле-сопрано – ең көп таралған түр. Көлемі ең кішісі де – осы, оның дыбысы бұл аспаптың классикалық үні саналады. Бағасы да басқаларына қарағанда арзанырақ. Әдетте, аспапты үйренуді енді бастағандар осы түрін сатып алады. Мұндай укулеленің ұзындығы – 53 сантиметр, перне саны – 12-14.
- Альт-укулеле немесе концертке арналған укулеле – сопранодан кейінгі ұзыны. Ұзындығы – 58 сантиметр, 15-20 пернесі бар. Укулеленің бұл түрін қолы үлкендеу адамдар таңдап жатады. Бұл түрінің үні сопраноға қарағанда қоюырақ.
- Тенор-укулеленің ұзындығы – 66 сантиметр, перне саны 15-тен басталады. Мұның үні концертке арналған укулеледен де қою. Мойны ұзынырақ болғандықтан алдыңғыларына қарағанда көбірек дыбыс шығарады.
- Баритон-укулеленің мойнында 19-дан көп перне болады. Түрлердің ішіндегі ең ұзыны – 76 сантиметр. Баритон-укулеленің құлағы гитараның астыңғы төрт ішегіндей бұралады. Сондықтан үні гитараға ұқсайды. Көлемі үлкен болғандықтан сопрано-укулеле сияқты классикалық үн шығара алмайды. Дегенмен дыбысы шынында да қою әрі сан-алуан.
Толқын мен оның театрдағы әріптестері алдағы күзде лаундж кешін өткізбек. Онда Толқын укулелемен өнер көрсетеді.
Артист қазір укулелемен «Каспий» тобы орындайтын «Жарығым-ай», Үркер тобы айтқан «Жаным», Бақытжан Қажымұқанның «Алтынай», Асқар Жүнісбеков шырқап жүрген «Тырналар», Шәмші Қалдаяқовтың «Әнім сен едің» шығармасын, Қайрат Нұртастың репертуарындағы «Аңсайды жаным», француз әншісі Zaz айтып жүрген Je veux сияқты әндерді орындап жүр. Кейбірін жазып алған алған едік. Тыңдап көріңіз:
Add comment