ГлавнаяБлог

«Махаббат – емші». Буллингтен қалған жан жарасын қалай жазамын?

Қоғамда ересектер мен жасөспірімдер арасында агрессия мен зорлық-зомбылық әрекеттерінің өсуінің түрлі себебі бар: «патриархал қоғамның» дәстүрлі шектеулерінен бастап, адамның өзіне ұқсамайтындардың алдында қорқыныш сезінуіне дейін ұласады. Кейіпкеріміз Медина Серікқызы мектеп кезінде құрдастары тарапынан қалай ашық қысымға ұшырағанын, буллингтің ересек өміріне қалай әсер еткенін баяндап берді.

«Мектеп кезінде, шыны керек, сауатсыз болдық. Ол кезде «буллинг» деген терминді білмедік. Бірақ осы сөздің астарында жатқан кемсітудің арқасында өзімді жүрген ортамда ең жаман адам сезіндім. Бұған біріншіден көзілдірік тағуым әсер етті деп ойлаймын. Мені «очкарик», «ботан» деп мазақтайтын. Сол жылдары теледидардан «Не родись красивой» телехикаясы көрсетіліп жатты. Сондағы актрисаға ұқсатып «Пушкарёва» деп те мазақтағандар болды. Кейін құрдастарым алғашқы махаббатына сезімін білдіріп жатқан кезде де мені басқалардан кем көретінін түсіндім. Сыныпта ешкім жаныма отырмайды, асханаға да жалғыз барып тамақ ішетінмін. Бойым қысқа болса да, биде мені ылғи соңғы қатарға тұрғызатын. Ұстазыма дейін «Сен жақсы билей алмайсың, сенің қолыңнан келмейді. Артқы жаққа тұрып қайтала» деп сағымды сындыратын еді. Ол күндер өте ауыр өтті», — деді Медина Серікқызы.

Кейіпкерім мектептегі қиын күндерінің болашағына кері әсерін тигізгенін айтты. Жоғарыдағыдай сын-шектеулерден кейін кез келген ортада алдыңғы шепте тұруға қорқыныш пайда болған. Осы қорқынышы психосоматика деңгейінде көрініс тауып, 10-11-сынып оқып жүргенінде артық салмақтан зиян шеккен.

«Буллингке ұшыраудың жыныстық ерекшелігі бар»

Медина сияқты ұл-қыздар, жастар, ересек азаматтар бүгінде жалғыз емес. Психоаналитик, групаналитик Константин Колобов буллингке ұшыраудың жыныстық ерекшелігі барын айтады: қыздарда, әйелдерде көбіне көреалмаушылық алға шықса, ұлдардың, ер адамдардың бір-біріне қысым көрсетуіне себеп — билік тізгініне талас. Дегенмен бұл екеуі бала мен ата-ананың арасында эмоциялық байланыстың жоқтығына ығысады.

«Ер адамдарда үнемі «иерархия» деген түсінік бар. «100 немесе 1000 ер-азамат болса да, соның бірі басшы болуы керек» деген ой қалыптасқан. Уақыт өте келе сол басшының қарсыласы пайда болады, олардың орындары ауысып отырады. Бәлкім, таңғаларлық жайт шығар. Бірақ буллинг әйелдер, қыз балалар арасында да көп болады. Бірде терапияға 14 жастағы қызды алып келді. Өзі әдемі, ешқандай ментал ауытқуы жоқ, оқу үлгерімі де жақсы. Өте белсенді, керек кезде көзқарасын қорғай біледі. Бірақ сыныптастары онымен араласпайтын еді. Жанына отырмайды, отыра қалса, тыныштық бермейді. Әуел бастан-ақ өзінің ерекше болмысының арқасында ол басқа қатарластарынан ерекшелене бастаған. Оған жоғары сыныптың ұлдары сезімін білдіріп, қызыға қарайды. Осының барлығы жиналып, оның құрдастарының бойында қызғаныш сезімін тудырды. Кейін барлығы жабылып оған түрлі қастандық жасай бастады», — дейді психоаналитик Константин Колобов.

Орталық Азиядағы психоанализ институтының директоры, психоаналитик Анна Құдиярова да буллинг жасауға тек ұл балалар емес, қыз балалардың да бейім келетінін айтады. Бұған бірінші кезекте жан жарасы — себеп.

«Терапияға бір қыз баланы әке-шешесі алып келді. Әдеттегідей бұл әке-шешені баласының оқу үлгерімінің нашарлауы мазалады. «Қызымыздың неге нашар оқи бастағанын түсінбейміз. Ал біз оны мектеп бітірген соң шетелге білім алуға жібергіміз келіп жүр. Себебін анықтауға көмектесіңізші», — деді. Бізде құпия сақтау бірінші орында тұратындықтан, ол қыздың маған айтып бергенін әке-шешесіне де айта алмаймын. Терапия барысында мәселенің оның ақыл-парасат деңгейінде емес екені анықталды. Өте ақылды қыз. Ол өзін мектепте «бригадир» деп атайды екен. Мұны психология тілінде «агрессор» деп аударуға болады. Кез келген қызды тізе бүктіреді екен. Бір адамды таңдап, кейін үш-төрт қыз болып бірігіп әлгі құрбанды ақша әкеліп отыратындай күйге жеткізеді. Егер құрбан бұл туралы біреуге айтса, оның жағдайы мүлдем нашарлайтын еді. Күш көрсетіп, кейін онымен абайсызда бір жазым оқиға болғандай етіп көрсететін: бір жерде байқамай құлап қалды, сүрініп қалды деген сияқты. Мақсатым осы қыздың бойынан қандай да бір адамға тән қасиет табу болды. Біз таптық — оның мектептегі алғашқы махаббаты. Әлгі жігіт екеуінің арасында керемет романтикалық қарым-қатынас болған. Кейін ол қыз баланы зорлап тастаған. Қыз бұл туралы ешкімге айта алмаған. Бірақ ол осы жігітке кек, ыза, жек көру сияқты сезімдерін өзінен әлсіздерге бағыттап отыр. Біраз уақыт жұмыс істеп, оның жан жарасын емдедім. Оқуын бітіріп, әке-шешесі шетелге жіберді. Әлеуметтік желіден отбасын құрып, ана болғанын байқаймын. Ертеңгі күні ол өз баласымен тіл табыса біледі деген үміттемін. Өте қиын жағдай еді. Еске алудың өзі ауыр», — дейді институт директоры.

«Кімді қинасақ та, бастысы мен болмайын»

Буллинг тақырыбын бірінші болып П.Хайнеманн, А.Пикас, Д.Олвеус, В.Бесаг және Д.Лэйн сияқты батыс ғалымдары зерттеген. 1905 жылы француз ғалымы К.Дьюкс жұмыстарының бірін буллинг тақырыбына арнап, осы феноменді әрі қарай зерттеуге жол ашты. 1978 жылы Д.Олвеус пен Е.Роландтың арқасында «буллинг» түсінігі ғылыми айналымға енді.

1969 жылы дәрігер Петер Пауль Хайнеманн мектептегі зорлық-зомбылық тақырыбына арналған алғашқы мақаласын швед журналдарының бірінде жариялады. Мақалада сипатталған құбылыс оқырман арасында қызу пікірталас тудырып, тақырып өрби түсті. Кейін 1972 жылы П.Хайнеманның «Моббинг. Ересектер мен балалар арасындағы топтық зорлау» атты кітабы жарық көрді. Ғалым бұл кітабын Швециядағы мектептердің біріндегі оқушыларға бақылау жүргізе отырып жазған. Еңбекте буллингтің адамды қаншалықты өлімге итермелейтіндей алапат күшке ие екені туралы айтылады. Сондай-ақ ол қысым көрсетудің белгілі бір схема арқылы жүзеге асатынына баса мән берген.

П. П. Хайнеманн зорлық-зомбылық әрекеттерді жүзеге асыру процесін бірнеше деңгейге бөлді:

  1. Топтың қалыпты жай-күйде болуы. Онда топ мүшелері бір-бірімен бейбіт түрде араласады;
  2. Зорлық-зомбылыққа ұшырап жүрген құрбанның орнына басқа біреудің келуі немесе топқа мүше емес адамның келуіне байланысты топ мүшелерінің өзін жайсыз сезінуі;
  3. Топтың құрбан рөлін «сомдауға» дайын адамға қарсыласуы;
  4. Құрбанның көзін жойған соң топтың қалыпты жағдайға оралуы.

Нейробиолог ғалымдар агрессорларда окситоцин өндірілетін гипоталамус нейрондары мидың амигдаласына, вентраль тегменталь аймақ пен гиппокамп, дофамин орталығына өскіндер жіберетінін айтады.

Қарапайым сөзбен тарқатсақ, адам өзінен әлсіздерге күш көрсеткенде немесе деструктив топтардың қатарында болғанда ерекше ләззат алады.

Оның үстіне бөлінген окситоцин адам бойындағы агрессияны үдете түседі. Уақыт өте келе осылай ләззат алып үйренген адам үшін ар-ұяты мазаламай, күш көрсететін топтың қатарында болу қалыпты құбылысқа айналады. Тіпті, ар-ұяты мазалайды дегеннің өзінде, қатты қорыққандықтан әлсіздерге күш көрсетуі мүмкін. Мұнда «кімді қинасақ та, бастысы мен болмайын» деген ой жатады.

«Кейде агрессорлар өзінің қорқынышты адам екенін білмейді»

Жоғарыда сипатталғандай агрессордың да, құрбанның да бойындағы процестер физикалық деңгейде жүзеге асатындықтан, ұзақ терапияның қажет екені сөзсіз. Осы орайда психоаналитик мамандар психоанализ көмегімен көптеген жан жарасын емдеуге болатынын айтады. Әсіресе, буллинг кезіндегі көмек — топтық терапия.

«Мен айтқан буллингке ұшыраған қыздың әке-шешесі таңнан кешке дейін жұмыста. Егер оның ішкі-жай күйі жақсы болса, ол сыныптастарының әрекетін әзілге айналдырып, өзі үшін қалай да жауап беретін еді. Ал бұл жерде нарцисстік жарасы ашылып кетіп отыр. Құрбанның өмірін зерттей келе, анасының ол небәрі бір жаста болғанда жұмысқа шығып кеткені белгілі болды. Ал сәби өмірінің алғашқы күндерінен бастап жақын адамымен эмоциялық байланыс орнатпаса, есейгенде тұлғалық құрылымы психотик болатыны сөзсіз. Мұндай адамдар қоршаған ортасы берекелі болса да, махаббатқа толы қарым-қатынас құра алмайды. Өмірінде не болып жатқанын түсінбей, қорқынышпен өмір сүреді.

Меніңше, мұндайда агрессор үшін де, құрбан үшін де топтық терапия 100% көмектеседі. Кейде агрессорлар өзінің өзгелерге қорқыныш сыйлайтынын білмеуі мүмкін. Ал топтық терапияда кері байланыс бар болғандықтан, ол шын мәнінде өзінің қандай адам екенін біле бастайды. Өкінішке қарай, көп жағдайда ата-аналар «өз бетімізше көмектесеміз» деп артық қылмақ болып, тыртық етеді. Мысалы, «Құрбан болған балама қатал болсам, ол өзін қорғай алады» деп ойлайды. Мұндай қарым-қатынастың соңғы нүктесі апатия мен суицид болуы мүмкін. Сол себепті бала мен ата-ана арасында эмоциялық байланыстың болуы маңызды. Өйткені осының барлығы адамның ересек өміріне әсер етеді», — дейді Константин Колобов.

Әріптесінің пікірімен психоаналитик Анна Құдиярова да келіседі. Осы орайда маман адамдардың тек бейтаныс ортада емес, өзінің туған отбасында да қысымға ұшырауы мүмкін екенін айтты.

«Кабинетіме бақытсыз адамдар келетінін білесіздер. Әсіресе, мамандық таңдауға байланысты отбасы тарапынан қысым көргендер көп. Бірі биші болғысы келеді. Сонда отбасы «Жоқ. Барлық актриса мен әншілер жеңіл жүрісті. Отбасымыздың беделін түсіресің. Салмақты етіп көрсететін бірнәрсе таңда. Мұғалім не дәрігер бол» деп ұрсып тастайды. Кейде балет бишісі болғысы келетін жігіттер бар. Оларды да «Сенің есің дұрыс па? Біздің отбасымызда ондай болуы мүмкін емес. Сен гейсің бе? Заңгер боласың. Оқудың ақшасын өзіміз төлейміз, оқисың» деп тағы сағын сындырады. Бірде ата-анасы қалауынан тыс мамандық таңдатқан қыз келді. Ол әке-шешесі қинап жіберген оқуын бітірді, бірақ сол мамандық бойынша бір күн де жұмыс істемеді. Депрессияға түсіп, 10 жыл үйінен шықпаған екен. Енді әке-шешесі «Не істесең, оны істе, қалағаныңды оқы, әйтеуір аман болсаң, болды» деп отыр. Сонда 10 жыл өмірі қайда қалды?» — деп өкінішін білдірді Анна Құдиярова.

Осы орайда маман қандай да бір қиындықпен бетпе-бет келгенде отбасындағы климатқа назар аударуға кеңес берді. Адамның өз ортасында құрбан немесе агрессордың «рөлін сомдауы» отбасындағы климатпен тікелей байланысты. Біреулер буллингке ұшырап, көзі көгеріп, таяқ жеп келсе, екіншілерінің жан жарасын көзбен байқау мүмкін емес. Психоаналитиктер, өкінішке қарай, көп адамның жақыны көзі көгеріп келгенде емес, әбден суицид жасауға аз қалғанда табалдырық аттайтынын айтады. Мұндай құрбандар өзін жападан жалғыз сезінеді. Оларды ешкім түсінбейді, ешкім жақсы көрмейді. Тіпті, ең жақын асқар тау әкесіне де барып шағым айта алмайды. Өйткені шағымданып, көмек сұрап көрген, — нәтиже жоқ.

«Сен еркек емессің бе?!»

«Расымен, бала-шағасына жанашырлық танытпайтын әкелер болады. Әсіресе, ұлы шағымданып келгенде «Сен өзі еркексің бе? Еркек емессің бе? Қане, доғар!» деп ұрсып тастайды. Олар ұлының сырттай тепсе, темір үзетіндей күшті көрінсе де, іштей жасық екенін ескермейді. Кейде мұның астарында баланың әкесіз өсуі жатады. Агрессорлар құрбандарының осындай әлсіз жерін біліп алып, жарасын тырмалай түседі. Жасөспірімдер кімнің қандай әлсіз жері барын бейсаналы сезіп тұрады. Дегенмен агрессорларға да жаным ашиды. Өйткені ол да жетіскенінен мұндай күйде жүрген жоқ. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген жақсы мақал бар. Агрессор құрбанға өз басынан өткенді сездіріп жүр. Сырт көзге мықты болып көрінсе де, ол да өзін жүрегінің түкпірінде қауқарсыз, әлсіз сезінеді. Мұны психоанализде «маниакаль қорғану» деп атайды. Сонда агрессор өзін бұзық етіп көрсету арқылы психикасын қорғап тұр», — дейді психоаналитик Жанар Оспанова.

Сондай-ақ маман барлығын педагогтардың еншісіне артып қоюдың дұрыс емес екенін алға тартты. Өйткені бала мектепке дейін тұлға болып қалыптасып үлгереді. Сондықтан бар жауапкершілік — ата-анада. Ал педагогтардың басты міндеті — алдына келген адамға сапалы білім беру.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Есік Гуманитарлық экономикалық колледжі психологтары Назгүл Темірғалиева мен Жеңісгүл Хабаева мұндай жағдайларды болдырмау үшін әртүрлі шара ұйымдастыруға кеңес берді.

«Ұжымымыз өте ұйымшыл болғандықтан жастарды қудалау, қыспаққа алу болған емес. Оқу ісінің тәрбиешісі, психологтар, медбикелер және жатақхана директорлары, кураторлар барлығын бақылауда ұстауға тырысамыз. Қажет кезде сауалнамалар да жүргізіледі. Өмірде көпті көрген танымал азаматтармен жиі кездесулер ұйымдастырамыз. Бұрын-соңды бұл қолжетімсіз болса, қазір Zoom арқасында барлығы оңайшылықпен жүзеге асып жатыр деуге болады. Бірде өзінің өмірі туралы кітап жазған Ләззат ханымды кездесуге шақырдық. Кітабында зорлық-зомбылыққа ұшырап, кейін қалай отбасы құрғанын, бұл туралы күйеуіне қалай айтып бергенін баяндаған. Бұл оқиға көптеген әйел қауымына ой салып, кері байланыс болды», — деп бөлісті психолог Назгүл Темірғалиева.

«Шынайы махаббат бәрін өзгерте алады»

Ал кейіпкеріміз Медина Серікқызы буллинг туралы анасына айтқаннан кейін өмірінің түбегейлі өзгеріске ұшырағанын айтты. Бұл әрекеті өзін бар кемшілігімен қабылдауына көмектескен.

«9-сыныпқа дейін оқыған мектебімде өзім үшін күресе алмай жылап қалатынмын. Интернатқа ауысар кезде анам үлкен қолдау көрсетті. Өзі педагог-психолог болғандықтан, жанымды түсінді. Маған «Барлық пәннен бестік баға алуың міндетті емес. Өзіңе ұнағанды жақсы оқысаң болды» дейтін. Осы сөздерден кейін шығармашылықпен айналысып, қызығушылымды таптым. Меніңше, ең бірінші кезекте адам іштей «өмірімді өзгертемін, бұлай өмір сүргім келмейді» деп шешім қабылдауға тиіс. Өзім осылай шешкен соң, бар кемшілігімді — артық салмағымды, көзімнің дұрыс көрмейтінін қабылдай бастадым. Қазір ешкім мені мектепте буллингке ұшыраған қыз, кезінде тұйық болды деп ойламайды. Өйткені қазір басқа адаммын. Барынша ішімдегі жарамды емдеуге тырысып жүрмін. Бұрын жұрттың пікірі мен назарына тәуелді болсам, қазір ешкімге ешнәрсе дәлелдегім келмейді. Басқаларға да осылай өмір сүруге кеңес беремін. Шынайы махаббат бәрін емдейді және барлығын өзгертуге қауқарлы. Өзін сүйген адам ғана өзгелерді шынайы жақсы көре алады», — дейді бойжеткен.