ГлавнаяБлог

Қазақ вундеркиндтері. Олар кімдер және қандай жетістікке қол жеткізді?

Вундеркиндтер бала кезінен белгілі бір салада ерекше қабілеті мен талантын танытады. Ғалымдар мұндай феноменнің нақты себептерін түсіндіре алмай келеді. Әлемді мойындатқан, түрлі жарыста жеңіске жеткен, ерекше ғылыми жаңалық ашқан отандық таланттар туралы естіп жатамыз. 5Q Media олардың кейбірімен тілдесіп, сұхбат құрып көрді.

Тарихи деректерге сүйенсек, Моцарт, Паскаль, Пикассо бала кезінен-ақ ерекшелігін танытып, қатарластарынан озық болған. Ғылымдағы болжам бойынша, талантты адамдардың генотипінде шоғырланған гендер жиынтығы ғасырлар бойы адам баласының бойына дарыған қабілетті толығымен іске асыра алатын оңтайлы комбинация құрайды екен. Осындай күрделі ғылыми тұжырымның дәлелі біздің қоғамда да кездеседі.

14 жасында мектеп бітіріп, 27 жасында декан болған қазақ 

Арыстанбек Нұрмаханов

1987 жылы БАҚ вундеркинд қазақ баласы туралы жарыса жазды. Сол кезде сенсацияға айналған, 14 жасында мектеп бітіріп, студент атанған жасөспірім Арыстанбек Нұрмаханов еді. Ол 3-сыныпта бір апта ішінде не­міс, фран­цуз, испан, пор­­тугал, жапон, ағыл­шын, қы­тай тілдерін­де ака­демиялық дең­гейде сөйлей ала­тын хәлге жет­кен.

Қазір орта жастан асқан Арыстанбек Нұрмаханов өзінің ерекше қабілетін былай түсіндіреді.

«Анам мені 44 жасында дүниеге әкелді. Мені бірден ересек адамға қарағандай бақты. «Сені қартайғанда таптым, сенің қызығыңды көргім келеді» деп маған көп жауапкершілік жүктейтін. Сондықтан 3 жасқа келмей әріп танып, 4 жасымда көбейту кестесін жаттап алдым», — дейді ол. 

Ерекше қабілетіне қарамастан, Арыстанбек Нұрмаханов мектепке ел қатарлы 6 жасында барған. Алматыдағы №12 мектепте оқыған. Ұстаздардың берген тапсырмасын бірден орындап тастайтындықтан, мектеп озат оқушыны жоғары сыныпқа ауыстыруды жөн көрген. Сөйтіп, оның білімін тексеру үшін Ресейден арнайы делегация шақыртқан. Мәскеуден келген арнайы комиссия вундеркинд балаға 2-сыныптың тапсырмасын берген. Оны жылдам шешіп тастағанын көріп, 1-cынып оқушысын бірден 3-сыныпқа ауыстырған.

«Өзімнен үлкен балалармен бір сыныпта оқыдым. Алғашында ыңғайсыз сезіндім, бірақ мектеп мен үшін білім алатын орта болды. Сондықтан басқа дүниеге назар аудармауға тырыстым», — дейді ол.

Сыныптан-сыныпқа ауысып жүріп, 14 жасында мектеп түлегі атанған Арыстанбек Нұрмаханов Әлем тілдері институтына грантпен оқуға түскен. Осы кезде БАҚ «Пионер студент атанды», «Заманының әдеттен тыс батыры» деген тақырыпта вундеркинд қазақ туралы жаңалықты жарыса жазды.

«Мектеп бітіріп, университетке құжат тапсырған кезде жеке куәлік алатын жасқа жетпеген едім. Туу туралы куәлік пен ата-анамның рұқсат қағазын көп сұрататын», — деп еске алды вундеркинд.

Арыстанбек Нұрмаханов 1992 жылы университетті тәмамдап, ғылым жолындағы еңбегін жалғастырған. Осылайша 20 жасында филология ғылымдарының кандидаты атанып, 23-інде кафедра меңгерушісі болған. Ал 27 жасында Әлем тілдері университетінің Халықаралық қатынастар факультетінің деканы болып тағайындалған. Сол кезде есімі «Ең жас басшы» ретінде БАҚ бетінде тағы жарқ ете қалды.

2000-2001 жылдары Әлем тілдері университетінің Халықаралық қатынастар факультетін басқарды. 2001 жылы ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Тілдерді дамыту департаментінің директоры болып тағайындалды. 2004 жылға дейін осы қызметте болып, кейін бизнес саласына ауысқан. 2004-2012 жылдар аралығында бизнес саласында жұмыс істегенімен, кейін қайта мемлекеттік қызметке оралған. ҚР Президентінің әкімшілігінде Мемлекеттік хатшы басшысының орынбасары, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және архивтер комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

Арыстанбек Нұрмахановтың балалары да білімге құштар, түрлі саладағы жетістіктерімен ата-анасын қуантып жүр. Өзінің айтуынша, ол балаларына қатал талап қоймайды екен. Қыздары Бибінұр мен Амира Арыстанбекқызы көркем гимнастикамен айналысады, Шектібай есімді ұлы бар.

7 айында тілі шығып, 2 жасынан бастап кітап оқитын Бекзада 

Бекзада Байдалы 2009 жылы өмірге келген. 7 aйлығында тілі шығып, 2 жасынан әріп танып, кітап оқи бастаған. Анасының айтуынша, Бекзада балабақшаға барып жүргенде оны 5 жасынан мектепке беру туралы ұсыныс түскен. Алайда анасы бәрінің өз уақытымен, ретімен болғанын қалапты. Осылайша Бекзада қатарластарымен бірге 7 жасқа толғанда мектеп табалдырығын аттаған.  

Бекзада Байдалы

«Қызымның білімге құштарлығын ерекшелік немесе қабілет деп санамаймын. Біз жай ғана оның кітапқа құмарлығын ерте оята білдік деп түсінемін. Кітапханада жұмыс істеймін. Баланы білімге ерте баулысақ та, барлығының өз уақытымен болғанын қаладық. Мектепке қатарластарымен барды. Қазір мектептің үздік оқушыларының бірі де бірегейі деп толық сеніммен айта аламын», — дейді вундеркиндтің анасы. 

Бекзада мектеп бағдарламасын өте жылдам меңгеріпті. Ұстаздары мен ата-анасы ақылдасып, Бекзаданы экстерн бойынша келесі сыныпқа көшірмек болған. Алайда қатарластарына бауыр басып қалғандықтан, бұл ұсыныстан да бас тартыпты. 

 «Жаратылыстану, ағылшын және орыс тілдерін сүйіп оқимын. Түрлі мамандықты меңгергім келеді. Кейде психолог, кейде ІТ-маманы, кейде нейрохирург болғым келеді. Әзірге нақты шешім қабылдаған жоқпын», — дейді Бекзада. 

Ол қатарластары сияқты курстарға қатыспайды. Жақында «Мөлдір бұлақ» журналының жас тілшісі атанды. Журналда өзінің кітап жайлы жүргізетін жеке айдары бар. Онымен қоса, қазір авторлық кітабын жазып жатыр екен.

«Қызым мектеп бағдарламасының оқу жүйесіне көңілі толмайтынын жиі айтады. Орта мектепті аяқтағаннан кейін білімін шетелде жалғастырғысы келеді», — дейді анасы.

Былтыр Бекзада «Хәрри Поттердің» 7 кітабын оқып бітіріпті. Пандемия кезінде жеке видеоблог жүргізіп бастаған. Актерлық қабілеті бар, сурет салумен айналысып, фортепиано мен домбырада ойнап үйренген. Қазір фото және видео монтажын меңгеріп жүр екен.

Анасының айтуынша, баланың ақыл-ойының қатарластарынан озық болуы, ерте жетілуі ең алдымен оның санасына, одан кейін уақытында көрсетілген демеуге, білімге баулуға байланысты.

«Қызыма ешқашан «мына кітапты оқы» деп айтып көрмеппін. Өзіне қызық шығарманы өзі таңдайды. Бекзада бір уақытта бірнеше кітапты қатар парақтайды. Қазір Лев Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілік» шығармасын оқып жатыр», — дейді анасы.

15 жасында үш мамандық иесі атанған Абзал Мырзаш 

Бірнеше жыл бұрын 12 жастағы вундеркиндтің мектеп бітіріп, ҚБТУ-ға оқуға түскені туралы бәрі жарыса жазды. Биыл сол сенсация — Абзал Мырзаш университет бітірді. Біз осы материалды дайындау барысында Абзал Мырзашқа бірнеше рет хабарласып, әлеуметтік желіде де видео кездесу ұйымдастырып, сұхбаттасуға ұсыныс білдіріп едік. Бірақ бір емес, бірнеше мамандық бойынша диплом жұмысын дайындап жатқандықтан, қысқа-нұсқа жауап қайырды.

Абзал Мырзаш

«Мектеп бітіргенде МІТ университетіне қашықтан емтихан тапсырып, оқуға түскен едім. Бірақ кәмелеттік жасқа толмағаныма байланысты оқуға бара алмадым. Қазір отбасым ағылшын тілін үйреніп жүр. Бұйырса бәріміз бірге Америкаға барып, оқуымды жалғастырамын деп жоспарлап отырмыз», — дейді ол.

Абзал Мырзаш 2 жасында оқуды үйреніп, 5 жасында көбейту кестесін жатқа білген. Мектепте бір оқу жылында екі сыныптың оқу бағдарламасын меңгеріп, 12 жасында мектеп түлегі атанған. ҚБТУ-да да бірден үш мамандықта оқыды. Атап айтсақ, ақпараттық жүйелер, есептеу техникасы және автоматтандыру және басқару мамандығын меңгеріп шықты.

«Ендігі мақсатым – АҚШ-та, Массачусетсте магистратура оқу», — дейді вундеркинд.

Қазақ халқы таланттан кенде емес. Вундеркиндтер тізімі әлі де толығып жатыр. Мысалы, Қызылорда өңіріндегі Нұрдәулет Руслан 6-сыныпта оқып жүріп, сыныптастарына арналған пән игеруге көмектесетін электрон оқулық жасап шықты. Бұл оқулық үш тілде білім береді. Ал Алматы тұрғыны Имран Туғанбек 3 жасынан бастап ана тілінен бөлек, ағылшын, орыс тілдерінде еркін сөйлей алады. Ол бір жасында әліппені танып, 2 жасында кітап оқи бастаған.

Гоголь, Галилей, Ван Гог, Достоевский сияқты есімі тарихта қалған танымал тұлғалар да ерте жасынан ғылым мен өнерде талантын танытып үлгерген. Біздің арамызда да осындай озат оқушылар жүр. Оларға орынды қолдау көрсету – еліміздің болашағына, ғылымы мен біліміне қолдау білдірумен тең.