ГлавнаяБлог

Краудфандиң. Азаматтар халық қаржыландыруын қалай пайдаланып жүр?

Краудфандиң деген не? Оны қазақстандықтар қалай қолданып жүр? Қаржыландырудың бұл түрін қандай платформаларда жүзеге асыруға болады? 5Q Media тілшісі сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Бизнесті қаржыландырудың түрлі тәсілі бар. Банктен несие алмай-ақ мүдделес адамдардан, компания тарапынан қаржылай көмек сұрауға болады. Қаржыландыру шартына байланысты бизнесте краудлендиң, краудинуестиң және краудфандиң ұғымдары бар. Әуелі осыларға қысқаша анықтама бере кетейік. 

Ақша жинау. Бірақ краудфандиң емес 

Краудлендиң – халықтан немесе басқа компаниядан қарызға ақша сұрау. Бұл әдіс бизнесі бар кәсіпкерлерге ыңғайлы. Бизнесін әрі қарай дамыту немесе сақтап қалу үшін шұғыл қаражат керек болса, қарыз алады.  Краудлендиңнің несиеден артықшылығы – проценті мен шарттарының аздығында. 

Краудинуестиң – кәсіби инвесторлардың назарын жобаға аударту тәсілі. Краудинуестиң жобаны инвесторға таныстырып, акцияға ие болу немесе үлескерлік туралы ұсыныс жасауға бағытталады. Бұл тәсілдің слоганын қазақша «Береген қолым алаған» деуге болады. 

Бүгінгі тақырыбымызға арқау болған краудфандиң — халық қаржыландыруы. Халық қаражатты түрлі мақсатты жүзеге асыру үшін жинауы мүмкін. Табиғат апатынан зардап шеккендерге көмектесу үшін, спорт командасына қолдау көрсету үшін, белгілі бір бизнес идеяны жүзеге асыруға көмектесу үшін, әлеуметтік немесе шығармашылық жобаларды қолдау үшін және тағы басқа. 

Стивен Брэдфорд краудфандиңнің бес базалық моделін көрсеткен:

  • қайырымдылық;
  • ақысыз сыйақы;
  • алдын ала тапсырыс;
  • қарыз капиталын тарту;
  • акционерлік капитал тарту.

Кейінгі үшеуі «патронаж краудфандиң» деген шартты атауға бірігеді. Краудфандиңде қаржы құятын топты инвестор, бэккер, демеуші, донор деп әртүрлі атайды. Патронаж краудфандиңде олар аз болса да жеңілдікке, артықшылыққа ие. Ал қайырымдылық моделі мен ақысыз сыйақыда демеушілер қайтарымсыз инвестиция жасайды. Науқас адамның еміне қаржы жинау, қоғамдағы әлсіз топтарды қорғауға арналған ұйым құру осы модельге кіреді. 

«Судың да сұрауы бар». Сондықтан краудфандиң келісімінде екі тараптың мынадай шарты мен міндеті болуы мүмкін. Шығармашылық немесе әлеуметтік жобаның нәтижесі ретінде қаржылай қолдау көрсеткендерге жаңа альбом, кітап, кино, подкаст немесе театр қойылымын тегін ұсыну, қолдау көрсетушінің атын атап көрсету немесе алғыс айту және тағы басқа. 

Краудфандиңге ұқсас донейшн ұғымы бар. Донейшн белгілі бір тұлға немесе ұйымға өз еркіңмен алғыс ретінде ақша беріп, көмек көрсету. Жоғарыда айтылған краудфандиң, краудлендиң, краудинуестиңде белгілі бір шарт немесе қаржының қайтарымы болады. Ал донейшн бар нәрсеге жай ғана алғыс немесе қолдау ретінде қаржылай көмек көрсету. Донейшнде ешқандай мәжбүрлеу, міндет болмайды. Оған мысал ретінде көбіне діни ұйымдарды келтіруге болады. 

Кері краудфандиң деген ұғым бар. Ол – дайын өнім немесе қызметтің құнын өтеу үшін қаржы жинау. Кері краудфандиңнің отандық нарықтағы нақты мысалы ретінде жақында Эфиопияға саяхаттап, шығынын краудфандиң арқылы өтеген саяхатшы, блогер Өркен Кенжебектің тәжірибесін айтуға болады. 

Эфиопия сапарына 1 433 700 теңге шығын кетті. Оның 300 000 теңгесі алдын ала демеушілік болған. Эфиопия сапарынан келген соң 24 cағатқа краудфандиң жарияладым. Бір тәуліктің ішінде 1 450 000 теңгедей қаражат жиналды. Алдын ала демеушіліктің қаржысын қосып есептегенде шығын толығымен ақталып, 300-400 мың теңге табыс түсті. Мұны кері краудфандиң деуімнің себебі халық еңбек пен өнімді әлеуметтік желі арқылы көріп, ұнағаннан кейін қаржысын қиды, — дейді Өркен Кенжебек. 

Эфиопия – Өркен Кенжебек саяхаттаған 42-ші мемлекет. Африкаға алғашқы сапарында Өркен Кенжебек Instagram парақшасында 16 күн бойы күн сайын 50 story түсіріп, барлығы 790 story салды. Оның 128 минут 15 секунды – монтаждалған, ақпаратқа толы бейне. Блогердің story-ін бақылап отырған адам 2 cағаттан асатын деректі фильм көргендей әсер алады. 

Демек, краудфандиңді бизнесте, жоба жасауда ғана емес, саяхат, жеке дамуда да қолдануға болады.

Краудфандиңді қандай платформаларда ұйымдастыруға болады? 

Әлем бойынша танымал краудфандиң платформалар қатарында – Kickstarter мен indieGoGo бар. Мұнда краудфандиңді қажет ететін жобалар қатаң іріктеуден өтеді. 

Қазақстан аумағында әлемге танымал Gogetfunding.com платформасы, Орталық Азия елдеріне арналған Founder2be.com платформалары да жұмыс істейді. 

Краудфандиң платформалар кәсіби және сенімді инвесторлар мен жобалардың басын қосып, өзара байланыс орнату үшін қызмет етеді. Сәйкесінше сәтті жобалардан үлесін алып отырады. 

Ескерте кететін жайт, краудфандиң арқылы жобалардың бәрі сәтті орындала бермейді. Ұсынылған жоба белгіленген мерзімде халық пен инвесторлар тарапынан қолдау таппауы мүмкін. Егер жиналған сома қажет мөлшерге жетпесе, жиналған қаражат демеушілерге қайтарылады. 

Краудфандиң Қазақстанда 2014 жылдан бастап қарқынды дами бастады.  Қазақстанда Start-time.kz, Startuper, Startticket, i6, Gostart.kz, Asar.ainvest, Baribirge сияқты платформалар ашылған. Қазір оның екеуі ғана жұмыс істеп тұр. Солардың бірі – әлеуметтік, коммерциялық және қайырымдылық жобаларға қолдау табуға көмектесетін start-time.kz платформасы үш жүзге жуық (298) өтінім қабылдап, оның 151-ін сәтті аяқтаған. Платформаға 11998 қолданушы тіркеліп, 71,61 миллион теңге инвестиция құйылған (11.05.2021 дерек бойынша, материал шығатын уақытта жаңартуға болады). Бұл платформаға жеке тұлға да, ұжым немесе ұйым да тіркеліп, өтініш бере алады. Тіркеуден өткендер жария оферта шартына қол қояды. Тіркелу, хабарландыру беру тегін. Алайда өтініш берген жоба белгіленген мерзім ішінде қажет соманы жинаса, шамамен 2-8%-ін комиссия ретінде ұстап қалады.

Источник — astral.ru

Блогерлер тәжірибесіндегі халық қаржыландыруы 

Краудфандиң қалталы азаматтар мен ірі компанияларға ғана тән емес. Оны отандық блогерлер тәжірибесі дәлелдеп жүр. Қазақстандағы танымал блогерлер мен кәсіпкерлер әлеуметтік желідегі парақшасында да краудфандиң науқанын ұйымдастырып тұрады. Сол арқылы сапалы контент жасау үшін оқырмандарынан қаржы жинаған отандық блогерлер қатарында жоғарыда атап өткен саяхатшы Өркен Кенжебек, подкастер Нәрікби Мақсұт, полиглот Мәди Бәзілбек, жеке даму бойынша блогер Данияр Жігітбек бар.

Біз Данияр Жігітбектен елімізде краунфандиң қалай дамып келе жатқаны жөнінде және оны тәжірибесінде қалай қолданып көргені жөнінде сұрадық. 

«Краудфандиң ұғымымен танысқаныма 10 жылдай болды. Бірақ оны блоггиңде, әлеуметтік желіде қолдану туралы ойланып көрмеппін. Бізде, қазақтілді аудиторияда, краудфандиң идеясы әлі де кең етек ала қоймады. Әлеуметтік желіде Мәди Бәзілбек есімді полиглот жігіт бар. Біраз уақыт бұрын «Меломаннан» Барак Обаманың Promised land кітабын кішігірім краудфандиң ұйымдастырып, сатып алды. Бағасы арзан емес – 24 мың теңге. Сондағы ойы: оқып, ағылшын тілінде видеорецензия жасау. Енді бір қызық айтайын. Мәдиге «ұят емес пе?» деп бірде-бір орыстілді оқырман жазбапты. Керісінше қолдау сөздерін жолдаған. Бірақ қазақтілді оқырмандар арасында осы сұрақты қойғандар болыпты», — дейді ол. 

Блогер әріптесі Мәдидің оқиғасын әлеуметтік желіде оқырмандарына баяндап берген. Көбі жақсы пікір қалдырыпты. Бірнеше оқырман осы тәсілді өзі де тәжірибесінде көрсетуді ұсынған. 

«Аяқ астынан краудфандиң жасадым. «Менің әлеуметтік желіде белсенді болғанымды, жарнама алмағанымды қаласаңыз, сапалы контент бәріне ортақ болсын десеңіз, 100 теңге болса да жіберіп, қолдау көрсетуіңіз» дедім. Сөйтіп, бір күнде 169 мың теңге жиналды. Алғашқы айда 400 мың теңге, екінші айда 200 мың теңгедей жиналды. Маған жиналған қаражаттың көлемі емес, қолдау көрсеткен адамдардың саны маңызды болды. Екі айда да қолдау көрсеткендердің  саны 450 адамнан асқан жоқ», — дейді Данияр Жігітбек. 

Блогер краудфандиңнің қазақта бұрыннан бар екенін айтады. Оның ойынша, бұл – нағыз асар. 

«Бірақ біз инфоөнімге келгенде, сараңдық танытамыз. Нақтырақ айтсам, білімді бағаламаймыз. Бір оқырманым «Краудфандиңге ай сайын 990 теңге беріп тұруға дайынмын, бұл Apple music подпискасы сияқты ғой» деп еді. Краудфандиңді жазылыммен шатастырмайық. Ол — мәжбүрлі шара. Ақысын төлемесең, контенттен құр қаласың. Ал краудфандиң – ерікті шара. Ештеңе төлемесең де, контентті пайдалана бересің. Фишкасы сол – көп адам аз-аздан тастайды», — дейді Данияр Жігітбек. 

Краудфандиңнің артықшылығы – сені кәсіпкер, меценат емес, халық қаржыландырады. Даниярдың пікірінше, халық қаржыландырса, өзіңді бір адамға борышты сезінбейсің, оның көңіліне қарап, жалтақтамайсың. «Бірақ халыққа қызмет етсем дейсің. Екеуі — екі түрлі сезім», — дейді ол.