ГлавнаяБлог

Айгүл Имаділдаева Кремний алқабындағы компанияның өкілдігін Алматыда қалай ашты?

IT саласында жетістікке жеткен қазақ қыздарын таныстыру айдарын бастаймыз

— Айгүл, қазақ әдебиетін тереңдетіп оқитын сыныпты бітіріп, IT мамандыққа қалай түстіңіз?

— Кішкентай кезімде әкем сюбор дейтін ойын консолін алып келді. Сюборда ойнап қана қоймай, ойын құрастыруға да болады. Қалай құрастыратынын әкем Manual  деген кітабынан оқып берді, мен соны орындадым. Ол кезде 1-2-сыныпта оқимын. 1990-жылдардың соңында біздің елге алғашқы компьютерлер жетіп жатқанда, әкемнен оны маған да алып беруін сұрадым. Қалауымды орындады.

Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетін сыныпта оқыдым. Аптасына 12 бет шығарма жазып, қолыма мүйізгек шығып, шаршап қалатынмын. Оған қоса, аптасына бір рет мұғаліммен бірге газет шығарамыз, онда редактор болып, мақала жазатынбыз. Анам әлі күнге дейін сол газеттерді сақтайды екен.

Сол кезде өзімнің бойымда креатив бар екенін түсіндім. Себебі адам жайдан-жай жазушы болмайды, кез келген адам бағдарламалаушы да бола алмайды. Себебі бағдарламалаушы болу үшін де шығармашылық керек. Соған қарамастан математика пәніне қызықтым, кейде журналист болуды, кейде заңгер болуды қаладым. Бірақ 11-сынып бітіргенде математика, физиканы таңдадым. Әкемнің інісі ҚазҰТЗУ-да оқытушы болып істейтін. Сол кісі университетте жаңадан «Ақпаратты қорғау және қауіпсіздік» деген мамандық ашылып жатқанын айтты. Онда ақпаратпен жай жұмыс істеп қоймай, оны шифрлаумен, құпия ақпаратпен жұмыс дегенді естіп, қатты қызықтым. Сөйтіп Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТЗУ-ға грантқа түстім. Тобымызда 25 студент оқыдық, оның бесеуі – қыз. Ол жерде құпия құжаттармен жұмыс істедік. Кейбірін қара жәшікпен алып келетін, қауіпсіздік үшін қол қойдыратын. Бір жаманы – шетелге шығу үшін ұзақ уақыт бұрын сұрануың керек. Ал менің шетелде оқып, бағдарламалауды үйренгім келді. 

Ешқандай тәжірибесіз кореялықтардың компаниясына жұмысқа тұрған екенсіз. Қалай?

— 5-курста оқып жүргенімде, жұмысқа орналасуды ойладым. Жұмыс іздегенде бәрі тәжірибе сұрайды. Сол кезде Алматы автобустарында валидатор болатын. Бұл жүйені мұнда кореялықтар алып келген. Олардың фирмасына барсам, іші толған — корейлер, компьютерден бас алмай жұмыс істеп жатыр екен. Бірден қызығып, «Мен де осы жерде жұмыс істеуім керек» дедім. Сұхбаттасуда жұмыс беруші қойған сұрақтардың көбіне жауап бере алмадым. Oracle, java тілдерін білмейтінімді айттым. Бізге университетте Delphi, Pascal, С++ тілдерін ғана оқытты. Сосын «Cіз айтқан технологияларды білмеймін, оны үйрену үшін курстарға қатысамын, кешке сонда оқып, күндіз сіздерде жұмыс істеймін» деген едім, бірден жұмысқа алды. Сол кезде менің амбициям өте жоғары болатын. Қазір де жұмысқа қызметкер алғанда бірінші оның амбициясына қараймын. Жұмысқа қызығып тұрмаса, командама алғым келмейді. Ондай адам 1-2 айдан кейін, тіпті 2 аптадан кейін жұмыстан өзі шығып кетеді.

Сөйтіп кореялықтардың компаниясында бір жыл жұмыс істеп, өзіме қажет білімді алған соң шығып кеттім. 

Кремний алқабында тағылымдамадан өту мүмкіндігін қалай жеңіп алдыңыз? 

— Кәсіби өсуім үшін шетелде білім алуым керек екенін түсіндім. Сол үшін «Болашақ» бағдарламасы арқылы Малайзия технологиялық университетіне оқуға түстім. Онда IT-менеджмент мамандығында оқыдым. Оны бітірген соң Қазақстанға келіп, екі банктің IT департаментінде жұмыс істедім. Екі сіңілім де «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқыған. Бірі Оксфорд университетінде, екіншісі Пенсильвания университетінде оқыды. Екінші сіңілім шетелдің 10 университетіне тапсырды. Оның тоғызы қабылдап, тек Гарвард университеті ғана қабылдамады.

Сол сіңлілерім: «Айгүл, шетелде бекер оқымадың, Кремний алқабын армандайтын едің ғой. Өміріңді өзгертетін уақыт келді», — деді. Расымен, олар айтпаса, жайлы өмірімді сүре беруші едім. Кремний алқабы – бағдарламалаушылардың жұмағы. Сөйтіп интернетке кіріп Кремний алқабынан жұмыс іздей бастадым. Ол жерде Шахмардан Есенов қорының сайтына тап болдым. Сол кезде ішінде қанатты сөздер жазылған печенье болған. Мен біреуін ашып едім, ішінен It’s time to start something new деген сөз шықты. Бірден Шахмардан Есенов қоры ұйымдастырып жатқан байқауға қатысамын деп шештім. Оны жеңгендер шетелде 6 ай тегін тағылымдамадан өте алады, барлық шығын өтеледі. Байқауға ереже бойынша IT мамандығында оқыған, сол салада 1-2 жыл тәжірибесі бар, волонтер болған және көпшілік қолданған бір жүйені құрастырған адамдар қатыса алады. Қарасам, барлық талабына сай келіп тұр екенмін. Волонтер ретінде Алматыдағы балалар үйінде бір жылдай ағылшыннан сабақ беріп, сол мекемеге уеб-сайт ашып берген едім. Сосын Қазақ-Америка университетіне Moodle жүйесін жасадым, оны студенттер қазірге дейін қолданып жүр.

Байқауға 70-ке жуық адам қатысты. Көбі жігіттер екенін көріп, келесі кезеңге өтетініме сенімсіз болдым. Сөйтсем, бәрі керісінше болды, оңай өтіп кеттім. Келесі кезеңде техникалық сұхбат болды. Оны Америкада жұмыс істейтін қазақ жігіттер өткізді. Солардың көмегімен Америкаға бардық. Тағылымдамадан өтетін жерді өзіміз табуымыз керек болды. Әлі есімде, сол кезде 111 компанияға жаздым, оның 25-ке жуығымен сұхбат болды, үшеуі ғана жұмысқа шақырды. Себебі Шахмардан Есенов қоры менің 6 айғы шығынымды өтейтін болды, ұшақ, тұратын жер, тамақ, жүріп-тұру ақысын төлеп береді. Оны американдар дұрыс түсінбей қалған сияқты. «Тегін ірмішік тек тұзақта болады» деп ойлаған шығар. Бір қызығы АҚШ-та күндіз болса, бізде түн. Күндіз жұмыс істеп, түнде сұхбаттасамын. Сөйтіп, POWr компаниясын таңдадым. Менен Бен деген техникалық директоры сұхбат алды. Ол маған сұрақ қояды, мен жауап бере алмаймын. Ол «Қане, онда екеуіміз бірге жауап берейік» деп маған сұхбаттың өзінде көп көмектесті. Оларда таңғы сағат 6 шамасы, бізде — түнгі 12. Мені жұмысқа шықарған үш компанияның ішінде осы POWr -ді таңдадым. Маған сұхбатта көмектескен басшы жұмыс кезінде де біраз нәрсе үйретеді деген сенімде болдым. 6 айлық тағылымдама біткен соң Бенге елге қайтуым керек екенін айттым. Олар «Жалақы төлейміз, визаның шығындарын өтейміз, жұмысты жалғастыр деген өтініш айтты». Кейін анам мен қызымды да шақырдым. 1,5 жыл Сан-Францискода тұрдық. Онда кәсіби дамыдым, 6 ай сайын жалақым да өсті. Америкадағы junior бағдарламалаушылар жылына 60 мың доллардан, айына 5 мың доллардан бастап алады. Ол компанияда істеп жатқаныма төрт жыл болды. Қазірге дейін middle инженер, senior инженер, Head of KZ office деңгейіне дейін көтерілдім. POWr компаниясында Пилар деген қыз да болды. Ол басында customer support бөлімінде билеттерге жауап берсе, қазір сhief оperating оfficer (COO) қызметіне дейін көтерілген. Мен жұмысқа тұрғанда компаниядағы алтыншы қызметкер болған едім. Қазір Қазақстандағы команданы қосқанда 50-ге жуық адам жұмыс істейміз. 

POWr компаниясының өкілдігін Алматыда қалай аштыңыз? 

— 1,5 жылдан соң АҚШ маған H1B виза бермеді. Бен менен Қазақстанда қашықтан онлайн жұмыс істеуімді өтінді, келістім. Сонымен бірге Шахмардан Есенов қоры тағы да 6 айға тағылымдамадан өтетін мамандар жіберетін болып, Сергей Тян деген жігіт те POWr компаниясына қабылданды. Қазақстанға қайтып, қашықтан жұмыс істей бастадым. Кейін жаныма Сергей де қосылды, офис жалдадық. Екеуіміз Қазақстанда жақсы нәтиже көрсеткен соң қатарымызға Ерасыл Дияс деген инженерді қосып алдық. Ол да кейін Есенов қорының грантын ұтып алды, Сан-Францискоға барып, тағылымдамадан өтті.

Бенге қазақстандықтар қатты ұнап қалды. Мен оған үнемі «Біздің жастар супер талантты, олар шаршамай күні-түні жұмыс істей бере алады» деп айтамын. Солай Алматыдағы офисімізге 10 айда 15 қызметкер жиналдық. Кейін байқасам, біз американдарға қатты тәуелді екенбіз, олардың оянғанын күтеміз, біз ұйықтап жатқанда тапсырма жазады, оянған соң оны орындаймыз, ол кезде олар ұйықтап жатады, сөйтіп бір тапсырмаға ұзақ уақыт жұмсап аламыз. Сосын техникалық директорға «Біз командаға жоба менеджерін, UX-дизайнер және жұмысымыздан қате шықса, ескертіп отыратын support agent алайық» деген ұсыныс тастадым. Сөйтіп қазір командамызда 20 қызметкер бар. Енді американдар тапсырма бермейді, «өзіміз би, өзіміз қожа» болдық. Әр адам қызметін жақсы біледі. Олармен 3 айда бір рет менеджерлер сөйлесіп тұрады. Менеджер кімге не қажет екенін, яғни кім жалақысының көтерілгенін қалайтынын, кімге демалыс қажет екенін, кімнің қандай лауазымға өскісі келетінін маған жеткізеді. Мен Сан-Францискодағы техникалық директорымыз Бенмен ақылдасып, шешім қабылдаймын.

СДУ, ХАТУ, НУ өте сапалы IT-мамандар оқытып жатыр. Бір әттеген-айы – жастар бірден шетелдік компанияда жұмыс істегісі келеді. Түсінуге болады, Америкада, Украинада жақсы жалақы төленеді. Бізді көп ешкім біле бермейді, сол үшін кейде мықты мамандарды жұмысқа шақыру қиын болады. Олар кем дегенде Қазақстандағы Chocolifе, «Колеса» сияқты ірі компанияда жұмыс істегісі келеді. Осындай кезде «Сендер әлі біздің қандай күшті екенімізді білмейсіңдер» деп қоямын. Шынымен, бізге жұмысқа тұрғандарға компания, команда бірден ұнап кетеді. Оған бір себеп – біз американдармен тығыз қарым-қатынастамыз. Бәрібір олардың ортасы, мәдениеті басқа, сол үшін мұндай жұмыс кез келген адамға қызық болушы еді.

Бірақ бұл – Қазақстаннан мықты бағдарламалаушы табу қиын деген сөз емес. Бізде білікті маман көп. 

Америка компаниясы не үшін Қазақстанда жұмыс істегісі келеді?

— АҚШ-та junior мамандарға айына 5 мың доллар жалақы төлесе, Қазақстанда шамамен 500-600 доллар төленеді. Елдегі нарық бағасы сондай болып тұр. Бірақ біз білікті маман тарту үшін одан да жоғары жалақы, яғни 2 мың долларға дейін қоюға тырысамыз. Біздің нарықтағы жалақы бәрібір американдар үшін тиімді болып тұр.

— Қазақстанның IT ортасына қазір не қажет?

— Кремний алқабында IT-мамандарға арналған meet up жиі өтетін. Google, DropBox сияқты ірілі-ұсақты компаниялар бағдарламалаушылардың басын жиі қосып тұрады. Хакатондар, түрлі жарыс ұйымдастырады. Онда мамандар пікір алмасып, тәжірибесін бөліседі. Ал Қазақстанға келгенде ондай meet up таппадым. Бір жылдан кейін Chocolifе, «Колеса» өткізді. Оның өзінде жылына 1-2 рет қана өтеді. Пандемия басталғанда мүлде жабылып қалды. Дегенмен іздеген адам табады, Қазақстандағы EPAM-ның жиындарына қатысатын болдым. Мұндай meet uр бағдарламалаушылар үшін өте маңызды. Нетуоркиң, тәжірибе алмасу – кез келген адамның кәсіби дамуына елеулі үлес қосары сөзсіз.

Мүмкін болса, шетелдіктердің тәжірибесін үйренуге, тағы да барғым келеді. Бірақ түбінде Қазақстанға келетінім белгілі, шетелге көшіп кету деген ой мүлде жоқ. Себебі отбасым, достарым бәрі туған жерде. Маған қиын тапсырмаларды орындаған ұнайды, шетелдік гигант компанияларда күшімді сынап көргім келеді.

IT саласында қыздар қандай болуы керек?

— Қазақстандағы командамызда қыздардан өзім ғана, бәрі — жігіт. Бос жұмыс орнына қыз бен жігіт келсе, бірінші қызды тартамын. Білімі тең болса, адамгершілігіне қараймын. Байқаймын, көбіне қаздардың жауапкершілігі жоғары, адамдармен тез тіл табысады. Ал жігіттер көбіне «Маған тиіспеңдер, мен жұмыс істеймін» дейді. Ал өте мықты команда құру үшін бәрі ашық болуы керек. Неге екенін білмеймін, бірақ қыздар аз келеді. Командада гендерлік теңдік болғанын қалаймын. Ал Сан-Францискода керісінше, қыздар көп. Онда қыздар Women power деп өздерін жоғары ұстайды. 

Әкем кішкентайымнан «Cен ер балалардан күшті болмасаң, еш кем емессің» деп айтатын. Барлық қызға осыны айтқым келеді. Біздің қыздарға батылдық керек. Өзіне не қажет екенін ұялмай, қысылмай батыл айта білгені дұрыс. Әйтпесе, байқағаным, қыздар көбіне «Мен мынаны істедім, мынадай жетістігім бар, мен бәрін істей аламын, сондықтан жалақымды көтеріңіз» деп айтуға ұялады. Ал жігіттер керісінше, кішкене артық жұмыс істесе, «мынадай жұмыс атқардым, жалақымды көтеріңіз, лауазымымды өсіріңіз» деп айтады.

Приоритетте бірінші не тұр, соны анықтап алыңыз. Біздің қыздар тамақ пісіріп жатып, жұмыс та істейді, бір жағынан баласын киіндіріп жатады. Сосын тамағы күйіп кетеді, ойы шашырайды. Сол үшін өмірдегі басым бағытты нақтылап алу қажет. Бірінші тамақ істеп алу керек пе, онда бәрін қойып, тамақты пісіріп алыңыз, жұмысқа сосын кірісесіз. Сол үшін үнемі жоспар құрып жүруге кеңес беремін.