ГлавнаяБлог

«Қажымұқанды 10 жыл бойы зерттедім». Қанағат Мұстафин жаңа фильмін қалай түсірді?

«Той любой ценой», «16 қыз», «Рывок» фильмдерінің, «Қара шаңырақ», «Айналайын» сериалдарының режиссеры Қанағат Мұстафин жаңа туындысы - «Қажымұқанның» түсірілімі туралы әңгімелеп берді.

«Фильм кастингі өте ұзақ жүргізілді» 

«Қажымұқан» фильмінде басты рольді Диас және Ербол Төлепберген есімді ағайынды екі жігіт ойнайды. Қазір Диас Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында актер мамандығы бойынша 4-курсты бітіріп жатыр. Ал Ербол оқуын 4 жыл бұрын аяқтап, қазір сол жерде  актерлық шеберлік мамандығы бойынша сабақ береді. Екеуі де алып денелі. Диастың бойы – 1,92 метр, Ербол – 2,05 метр. Фильмге арналған кастинг өте ұзақ болды. Басты рольді сомдаушыларды бүкіл Қазақстаннан және облыстық театрлардан іздедік. Диас пен Ербол кемінде 2000 адамның ішінен іріктеліп шықты.  

Басты рольдегі актерды іздегенде, кастингтегі қыздарға кадрда  Қажымұқан  екені көрініп, «Есіктен кірген кезде еңкейіп кірсін» дегендей тапсырма бердім. Қазақстанда алып денелі актерлар өте аз болғандықтан басты кейіпкерге сай келетіндерді спортшылар (күрес, боскетбол, волейбол) арасынан қарастырдық. Ол спортшылардың тұлғасы бізге сай келгенімен актерлық шеберлігі «онша емес» болып, екі сөздің басын қосып сөйлей алмады. Осылайша 3 ай уақытымыз спортшыларға  зая кетті. 

Басты кейіпкер Ербол Төлепберген осы жобаға үлкен жауапкершілікпен келді. Ерболға жарты жылдың ішінде 40 келі салмақ қосу керек болды. Ондай салмақ бірден жиналмайды. Неше түрлі химиялық препарат ішуіне тура келді. Мұндай салмақтан көп актер бас тартты. Ал Ербол мен Диас жарты жыл жаттығуға қатысып, нәтижесінде  алып денелі «нағыз Қажымұқан»  сияқты  болып шыға келді. Олардың жаттығуына Акбар Жармағанбетов деген жігіт көмектесті.

«Түсірілімге карантиннің көп кесірі тиді» 

2019 жылдың 20 наурызында «Қажымұқан» фильмінің түсірілімін бастадық. Ол уақытта елімізде локдаун басталып, түсірілім 1,5 жылға тоқтап қалды. Киногерлерге онлайн жұмыс істеу өте қиын. Себебі костюмерлерге киім тігетін мата іздеп, оны қолмен ұстап, сапасын көру қажет. Операторларға да түсірілім болатын алаңды таңдау керек. Оларға үйде интернетте отырып «Қандай күшті локация» деуге болмайды. Біраз уақыт жұмысымызды қолдан келгенше онлайн істеп көрдік. Бірақ ол босқа кеткен уақыт еді. 

Локдаун біткеннен кейінгі екінші проблемамыз «массовка» жинау болды. Қажымұқан көп елді аралағандықтан адамдарымыз әртүрлі әрі көп болуы керек. Фильмде Түркияның сахналарын жасадық. Қазақстанда түріктерді табу қиынға соқпады. Сондай-ақ Жаркентке барып қытай қаласын түсірдік. Ол жерге қытай халқы керек болып біраз қиындық туындатты. Қазақтарды қытайға ұқсатқанымызбен, 20 шақты қытай пандемиядан қорқып түсірілімге шықпай қойды. Біздің кастинг директорымыз түсірілімге 500 адамдай тапты. Сол адамдарымызды  өзгертіп, неше түрлі грим жасап әртүрлі жиынға кірістірдік. Мысалы, актер бір сахнадана «түрік» болса, екінші сахнада «қытайдың»  ролін сомдады. 

«Фильмде Қажымұқанның бүкіл өмірін қамтыдық» 

Фильм Қажымұқанның бүкіл өмірін қамтиды. Ол жерде Қажекеңнің чемпион болған сәттерін ғана емес, ашаршылық кезіндегі азаматтық парыздарын, халыққа қалай көмектескенін, соғыс кезінде 100 мың сом жинап, ұшақ сатып алып бергенін көрсеттік. Қажекең өмірінің соңғы күндері жайлы емес жерде тұрса да, жүрегі «елім, жерім» деп соққан, нағыз патриот болған. 

Кино 4,5 сағатқа созылды. Келісім бойынша бір кино болғандықтан 3 сағатын кесуге тура келді. 2022  жылдың наурызында прокатқа шығады. Қазіргі таңда монтаж бітті. Киноны бояп, графикасы жасалып жатыр. Негізгі нұсқасы қазақша. Орыс тіліндегі нұсқасы интернет платформалары үшін жасалды.

Қажымұқан тек Қазақстанда емес, Өзбекстанда, Түркияда белгілі тұлға болғандықтан, фильмді сол жақта да прокатқа шығару ойымызда бар. Қазір соны қарастырып жатырмыз. 

Киноның сценарийін  Жанат Қасабеков екеуіміз бірге жаздық. Жанатпен жұмыс істегеніме  5-6 жыл болды. Қажымұқанды зерттеуге 10 жылым кетті. Бірақ сол 10 жылда таңнан кешке дейін «Қажымұқан» жобасына ғана қарап отырдым деп айта алмаймын. Оның арасында төрт кино, бес-алты сериал түсірдім. Қажымұқан туралы фильм сценарийінің нұсқасын жазып, сөреге қойып қоямын. Жарты жылдан соң ашып оқып, «мынау қандай шимай-шатпақ» деп қайтадан жазып шығамын. Сосын 1,5 жыл өткен соң қайтадан қараймын. Егер сценарийде жақсы сәттер болса, соларды сақтап қойып, жетілдіріп жүрдім. 

«Қажымұқан – қазақ елінің нағыз патриоты» 

Бірде көлікте келе жатып, «Қажымұқанның 140 жылдығын атап өтеміз» деген жаңалықты естіп қалдым. Сол кезде маған Қажекеңнің өмірі қатты қызық болды. Себебі Қажымұқан туралы  білімім тек мектеп бағдарламасындағы «Қажымұқан — өте үлкен алып кісі», «Ол бәрін жеңген» деген сияқты ақпарат есімде еді. Сосын Фурманов жақта сол кісінің атында көше бар екенін ғана білетінмін. Әкем Құрманғазы Қараманұлының кітапханасы өте үлкен. Онда Қажымұқан туралы кітап бар екенін білдім. Жұмыстарымды бітіріп келген соң, әкемнен Қажымұқан туралы кітап сұрадым. Ол дереу екі кітап тауып берді. Соларды 5-6 сағатта оқып шықтым.

Кітапты оқып отырғанымда өмірі кинематографияға толы екеніне көзім жетті. Негізі Қажымұқан туралы кез келген кітапты алып қарасаң, 20-30 парақшасының өзі бір кино болып шығады. Өйткені ол кісінің бармаған жері жоқ.

Сол кезде ешқандай визасыз 66 елді аралап шыққан. Қажымұқанға  Францияда  «Осында қал» деген ұсыныс болыпты. Түркияда «Қара Мұстафа» деген лақап ат алыпты. Түкеңдер «Қалсаңшы, бүкіл өміріңе көмектесеміз» деген, өзбектер де осындай ұсыныс жасаған екен. Бірақ Қажекең патриот болғандықтан «Еліме барамын» деп қайтып келген.

Дайындық неғұрлым ұзақ болса, түсірілім жеңіл болады. Індет көп кесірін тигізді. Мысалы,  Қапал деген жерде  үлкен декарация жасап енді түсірілім жасайтын кезде сол ауылды локдаунға жауып тастады. Содан тобымызбен қайтадан кетуіміз керек болды. Сол декарацияны Алматы облысындағы Қарой деген жерде қайтадан жасадық. Індеттің кесірінен солай үш-төрт локациямызды алып тастауға тура келді. Жалпы түсірілімге 70 күндей уақыт кетті. Түсірілімнен кейін де монтажға қарап отырып, жетпейтін сахналарды түсірдік. Минискіге бардық, бүкіл Алматы облысын түсірдік. 

«Балалар Қажымұқан атасы сияқты болғысы келсе, мақсатымыздың орындалғаны» 

Кішкентай кезімде «Знай наших» киносын қараған едім. Ол кез еміс-еміс есімде. Кейін фильмді толық қарасам, кино Қажекең емес,  Иван Поддубный туралы екен. Себебі түсінікті — Сұлтан Қожықов (фильм режиссері-ред) фильмді Кеңес кезінде түсіргендіктен қазақтар емес, орыстар бірінші орында болған. Қажекең ол кинода Поддубныйдың  қол баласы сияқты болып жүрген. «Знай наших» фильмі Қажымұқанның бар болғаны 2 жылдық өмірін қамтиды. Сол себепті Қажеңеңді асықпай зерттей бастадым. 

Жайлап мағұлматтар жинап, сценарийдің 8 нұсқасын  жазған шығармын. Неше түрлі нұсқа болды. Қажекеңнің белгісіз жақтары  өте көп. Мысалы, көп адам ол кісінің тыңшы ретінде түрмеде отырғанын білмейді. Қажымұқан сондай құпия тұлға деуге болады.  Осы туындымызды көріп, балалар қазақша күреске жазылып, Қажымұқан сияқты болғысы келсе, біздің мақсатымыз орындалды деген сөз. Кішкентай кезімізде Робокоп пен Терминаторға еліктеп ойнайтынбыз. Бұл киноны қараған соң балалар «Мен Қажымұқанмын», «Мен ең мықтымын» деп айтатын болса, миссиямыз орындалады. 

Түсірілім тобында Дина Уксикова — костюм жөнінде бас суретші. Диана 600-дей костюм тікті. Оның 40 шақтысын басты кейіпкерлер киді.  Қалғаны массовкаға тігілді.

Гример — Рига Агарянская. Қоюшы оператор — Еркінбек  Птыралиев.  Екінші режиссер — Күнжан Орманбетова. Команда жас болса да, нағыз кәсібилер. Дыбыс режиссеры — Сергей Лобанов. Ол – Қазақстанның бүкіл киноларының дыбысын қойған кісі. 

«Фонд кино» — жас кинематографшыларға үлкен мүмкіндік» 

«Қажымұқан» жобасының басталғанына 11 жылдай болды. Ол кезде ақша да іздедім. Неше түрлі қызық та болды. Біреулерге Қажымұқанның руы ұнамады. Сосын бір сәті болатын шығар деп асықпадым. Қазіргі таңда «Фонд кино» ашылды. Сол қор ашылған кезде Қажымұқан фильмін түсіретін сәт туды деген ой келді. Ол жерде бірінші онлайн форматта жобаны таныстырасың. Онда «Қажеке қай рудан?» деген сұрақты ешкім қоймайды (күліп).  Жалпы, маған мынандай сұрақтар қойылды: «Фильмге қанша қаражат керек?», «Басты кейіпкерлер бар ма, жоқ па?», «Командаң қандай?», «Киноның идеясы не туралы?»  деген сияқты. Оның барлығына дайындалып барып, сұрақтарына жауап бердім. Сәті түсіп, жобада жеңіп шықтым. Қазіргі таңда бұл — жас кинематрографшыларға өте үлкен мүмкіндік. Шынайы конкурсқа қатысып, бағын сынап көруі керек.